Қазақстан бокс федерациясының ресми аккаунтында вице-президент Әзиз Қожамбетов пен бокс құрамасының барлық жаттықтырушысы қызметінен босатылғаны туралы жазба жарияланып, ізінше бірден өшірілді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz msports.kz-ке сілтеп.
«Бокстан ерлер ұлттық құрамасының Париждегі Олимпиада ойындарындағы төмен нәтижесіне байланысты келесі мамандардың қызметінен босатылғанын хабарлаймыз: Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов», — делінген өшірілген жазбада.
Бұл жазбада сонымен бірге ұлттық құрама бапкерлерінің толық құрамы да көрсетілген:
- бас жаттықтырушы — Мырзағали Айтжанов;
- аға жаттықтырушы — Марат Жәкиев;
- жаттықтырушы — Нұркен Андасов;
- жаттықтырушы — Нұржан Насанов;
- жаттықтырушы — Ғани Ашкеев;
- жаттықтырушы — Ермек Ертаев;
- жаттықтырушы — Талғатбек Жақпеков;
- жаттықтырушы — Зәкир Сафиулин;
- жаттықтырушы — Азамат Мақажанов;
- жаттықтырушы — Жәміл Жүсип;
- кеңесші-жаттықтырушы — Донатас Янюсявичус.
Бұл жазба федерацияның парақшасында бірнеше секунд қана тұрып, содан кейін өшірілді. Алайда жазбаның скриншоттары әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мұны растамады.
«Иә, біз бұл жазбаны растамаймыз, бокста өзгерістер мен ауыс-түйістер болады, ол туралы жақын арада ресми аккаунттарда хабарлаймыз», — деп жауап берді федерацияның баспасөз қызметі.