Белгілі экономист Айман Тұрсынхан Қазақстандағы әлеуметтік, моральдық ахуалға алаңдап отыр.
Ertenmedia.kz маманның пікірін қазақшалап, оқырманға ұсынуды жөн көрді. Сонымен…
«Әлемжеліге кірген сайын жүрегім мұздап, көңілім алай-түлей болады. Әр апта сайын Қазақстанда жасөспірімдердің, ересектер мен қарттардың өлімі туралы жан түршігерлік хабарлар жарияланып жатыр.
Одан бөлек, мектеп оқушыларының бір-біріне зорлық-зомбылық көрсетуі, Исламның атын жамылып әкенің қызын зорлауы, өгей әкелердің туған шешелердің келісімімен кәмелетке толмаған қыздарын жасырын гаремдерге сатуы жайлы сұмдық оқиғалар жиілеп кетті.
Министрден бастап, көше бұзақыларына дейін қатысы бар даулы істер, зорлық-зомбылық пен кісі өлтіру оқиғалары аудандық және облыстық әкімдіктердің қолтығының астында бүркемеленіп жатыр.
Тіпті еліміздегі ең байырғы университетінің өзінде қыздардың пәктігін саудалау фактілері тіркелген. Емханалардағы науқастардың қорлыққа ұшырап, тоналып жатқаны тағы бар.
БН-нің өзі өлгенімен, оның «ізбасарлары» арамшөптей көбейу үстінде.
Ең қорқыныштысы – осы қылмыстардың басында кедей-кепшік, керісінше, әбден тойынған мем.қызметкерлер, имамдар, кәсіпкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері жүр. Бұлар ескі де, жаңа, екіжүзді Қазақстанның өкілдері.
Аса ауыр қылмыстарға негізінен жоқтықтан емес, тоқтықтан, моральдың мүлдем жойылуынан, жүгенсіздіктен, жауапқа тартылмасына деген сенімділіктен, педофилия элементтері араласқан адам шошырлық діни уағыздарға уланған адамдар барады.
Мұндай «уағызшыларды» қоғам алдында анықталған бойда пішіп тастау керек деп санаймын.
Осыдан кейін билік мінберінен толеранттылық, әлеуметтік мемлекет туралы сөз қозғаудың өзі күлкілі емес пе?
Тұрмыс деңгейіне, жасына, біліміне, ұлтына, дініне қарамастан ешкім өзін толық қауіпсіз сезіне алмайтын елде қандай тұрақтылық болуы мүмкін?
Осындай моральсыздықтың артында кімдер тұр? Бұның бәріне жоғары лауазымды тұлғалар кінәлі деп білемін. Мәдениет, денсаулық сақтау, ағарту, ғылым және жоғары білім, ішкі істер министрліктері, прокуратура, сот, ұлттық қауіпсіздік комитеті, барлық деңгейдегі депутаттар, діни конфессиялардың жетекшілері, әкімшілік қолдауы бар мажорлардың әулеттері…
Елімізде ешбір адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды.
Осындай істердегі жәбірленушілер арнайы жасақпен қорғауға алынуы керек. Мемлекеттік қорғау бағдарламасы тас қамалдай болуы тиіс.
Шынын айтсам, қазір құқық қорғау органдарының тіпті төмен деңгейдегі қызметкерлерінің өзімен дастарханға бірге отырудың өзі арлы адам үшін ұятқа айналды.
Сол себепті тойға да бармаймын. Себебі, құбыжықтар мен олардың қылмыстарын бүркемелеп жүргендердің бетіне күліп отыра алмаймын».