Күні кеше Цифрлық даму министрлігі жаңа вице-минді тағайындады. Журналист Гүлбану Әбенова осы қызметке келген Досжан Мұсалиевтің өмірбаянын ақтарып, ешкім назар аудармаған мәлімет тауып алды деп жазады Ertenmedia.
Шенеуніктің Ресей Федералдық күзет қызметінің (ФСО) академиясын тәмамдағаны журналистің көкейінде күдік туғызып отыр.
Мұсалиев ақпараттық қауіпсіздікке, соның ішінде мемлекеттік маңызы бар негізгі дерек қорына жауапты блокты басқаратын болады.
«16 млн адамның жеке дерегі, соның ішінде төлқұжат мәліметі, ЖСН (ИИН), мекенжай мен телефон нөмірі тарап кеткен тұста, министрлік ауыс-түйіс жүргізуде. Сіз бен біздің мәліметіміз жасырын сайт мен телеграм-сервистерде мен мұндалап тұр. Мұсалиев? Мемлекет үшін аса маңызды блокты ФСО-ны тәмамдаған маман басқаратын болады», – дейді Әбенова.
Жасұлан Мәдиев жетекшілік ететін министрлік жауап күткен жұртқа «деректің дені ескі, көпшілігі 2024 жылға дейінгі» деп қысқа қайыра салған.
Журналистің айтуынша, бұл сала басшысының жауапкершілік жүгін жеңілдетпейді. Жаңағы деректер ведомствоға қарасты басқармалардың бақылауында болған, мұның ішінде атышулы Egov электронды үкімет порталы да бар.
«Осындай кезде цифрлық қауіпсіздікті нығайтудың орнына, Ресейдің Арнайы қызмет академиясын бітірген кадрдың тағайындалуы миға қонбайды.
Мұсалиевті IT немесе киберқауіпсіздік саласындағы білікті маман деп айта алмаймыз. Маңдайында ФСО-ны тәмәмдады деген жазуы бар адамға ұлттық дерек қорын басқаруға кім рұқсат берді?
Мұндай кадрлық шешім еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қаншалықты сай келеді? Өте-мөте күмәнді шешім қабылданды», – деп пайымдайды Әбенова.
Журналист сондай-ақ мемлекеттік деректер базасы біртіндеп жеке компанияларға өтіп жатқанына алаңдаулы. Атап өткеніндей, Ұлттық деректер базасына (НОБД) қол жеткізу мүмкіндігі BTS Digital дейтін жеке меншік IT-компанияға берілген.
«Бұған дейін Egov жүйесіне аудит жүргізуге Ресейлік СБЕР-дің серіктесі деп танылған «Бизон» компаниясы атсалысқан еді. Осы аудиттен кейін қазақтардың жеке дерегі жаппай желіге тарап кетті, бұл кездейсоқ емес», — дейді журналист.
Мұсалиев? Әбенованың пайымдауынша, су жаңа вице-миннің өмірбаяны техникалық емес, саяси және ұлттық қауіпсіздікпен сабақтасып жатқан мәселе.
«Бұл салаға қоғамның сенімі мен сүзгісінен өткен кадрларды әкелу керек. Цифрлық қауіпсіздік формалды дүние емес. Соған қарамай билік өмірбаяны бұлыңғыр, кәсіби беделі күмәнді маманды жауап қызметке әкеліп отыр», – деп түйіндейді Гүлбану Әбенова.