Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдері ҚҚС бойынша шекті межені 15 миллион теңгеге дейін төмендетуге қарсы шығып отыр, — деп жазады Ertenmedia.
Бұл бастаманы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтің кеңейтілген отырысында ұсынған еді. Алайда заңгер Жангелді Сүлейменовтің пікірінше, бұл өзгеріс кәсіпкерлердің жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Осыған орай ол әріптесі Ануарбек Сқақовпен бірге тиісті петиция әзірлеп, қол жинап жатыр.
Неліктен 15 миллион теңге бас ауруға айналды?
Бұған дейін ҚҚС бойынша шекті табыс мөлшері 20 мың АЕК-ке (78,64 миллион теңге шамасында) тең болатын. Министрлік енді бұл деңгейді 15 миллион теңгеге дейін түсіруді ұсынып отыр. Шектеудің төмендеуі кәсіпкерлерді табысы аз болса да ҚҚС төлеуге міндеттейтіндіктен, қоғамда қызу талқы тудырды.
Заңгер Жангелді Сүлейменов өз Telegram-арнасында жариялаған мәлімдемесінде және петиция мәтінінде мынадай негізгі уәждерге тоқталады:
- 78,64 миллион теңге (20 мың АЕК) – шағын бизнес үшін қазірдің өзінде қолайсыз шектеу. Көптеген кәсіпкерлер осы межеден аспауға тырысады.
- ҚҚС төлеу міндеті тауар мен қызмет бағасына кемінде 20% үстеме қосады (жоспарлы мөлшер 20%-ға дейін). Нәтижесінде тауарлар одан да қымбаттауы мүмкін.
- Кей шағын бизнес өкілдері тауарды немесе шикізатты ҚҚС төлемейтіндерден сатып алады. Сондықтан олар үшін есепке жазылатын (зачетқа жатқызатын) ҚҚС жоқ, ал салықты толығымен төлеу қажеттілігі туындайды.
- ҚҚС әлемдегі ең күрделі салықтардың бірі саналады. Қазақстанда да оны түсіндіруде және тексеруде түрлі талас-тартыстар орын алып келеді. Мамандардың қызметі қымбат болғандықтан, шағын бизнес сапалы есепші немесе салық кеңесшісі жалдау мүмкіндігінен көбіне қағылады.
- ҚҚС төлеушілер тоқсан сайын декларация тапсырып, электронды шот-фактура рәсімдеуі тиіс. Бұған қоса бухгалтерлік есепті толық жүргізіп отыруы қажет. Бұл қосымша шығынды талап етеді.
- Мемлекеттік кірістер органдары ҚҚС бойынша тексерісті жиі жүргізеді. Камералдық бақылаудан бастап, тікелей салықтық тексеруге дейінгі процестерде кәсібін жаңа ғана бастаған шағын бизнес өкілдерінің жеңіске жетуі қиын болуы мүмкін.
- Кәсіпкерлер клиенттермен және жеткізушілермен келісімшарттарды жіті бақылап, заңгерлік сүйемелдеуді күшейтуге мәжбүр. Бұл тағы да қосымша қаржы мен уақыт талап етеді.
- Есепшоттардың тоқтатылуы және шот-фактуралардың бұғатталуы қаупі де бизнес үшін аса ауыр соққы.
Петицияда не айтылған?
Осы аталған дәйектерге сүйенген петиция авторлары Үкіметтен ҚҚС бойынша шекті межені 15 миллион теңгеге дейін төмендетпеуді сұрайды. Олар бұл қадам шағын бизнесті тұралатуы мүмкін деп есептейді. Петицияға қол қою үшін азаматтар электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдалана алады. Заңгер Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, кемінде 50 адам қолдағаннан кейін петиция ашық түрде жарияланбақ.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұған дейін табыс шегін төмендету көлеңкелі экономикамен күрес шараларының бірі екенін айтқан. Оның айтуынша, бұл бастама мемлекеттің салықтық түсімдерін арттырып, бюджеттің кіріс бөлігін нығайтады деп күтіліп отыр. Алайда министрлік өкілдері тарапынан петиция туралы әзірге нақты түсініктеме берілген жоқ.
Мұндай салықтық өзгерістер Қазақстандағы кәсіпкерлік қоғамдастықтың негізгі бөлігін құрайтын шағын және орта бизнеске айтарлықтай ықпал етеді. Петиция авторларының пікірінше, талап етілетін есеп-қисап пен салық жүктемесі күшейсе, көптеген бизнес субъектілері қызметін азайтуға немесе мүлдем жабуға мәжбүр болуы ықтимал.
Министрлік болса, бұл реформаны бизнесті «көлеңкеден» шығарудың тиімді жолы және бюджет кірісін арттырудың амалы деп сипаттайды.
Алдағы уақытта министрлік ұсынып отырған өзгеріске қатысты Парламентте талқылау өтуі мүмкін. Соны күткен кәсіпкерлер мен сарапшылар бұл бастамаға байланысты шынайы бағасын беру үшін ресми мәлімдеме мен егжей-тегжейлі есепті күтетін сыңайлы. Петиция әзірге кәсіпкерлердің және қоғамдық белсенділердің қолдауына ие болып келеді.