«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «КТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС 12 миллиард теңгеден астам сомада бәсекеге қарсы келісімге барған. Бұл келісім HILL Corporation ЖШС-пен бірлесе отырып, ашық нарыққа жасалған бұғау, адал бәсекеге жасалған тұсау болды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген тергеу нақты дәлелдерге сүйенген. Айтуларынша, «КТЖ-Жүк тасымалдары» компаниясы локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу кезінде өзге жеткізушілерді ашық түрде шеттетіп, шарттарды тек бір ғана компанияға ыңғайлап жасаған.
Бұл – сатып алу жүйесіндегі көзге көрінбейтін тосқауылдың нақты көрінісі. Әрине, ол тосқауыл экономикалық ғана емес, саяси сипатқа да ие. Өйткені бұл жерде мәселе бір ғана компанияның табысы емес, ұлттық компанияның беделі мен мемлекет ішіндегі әділет принципінің сақталуы жайлы болып отыр.
Бір сәтке ойланайық. 12 миллиард теңге – жай ғана цифр емес. Бұл – жолда жатқан мыңдаған шақырым рельстің жөнделуіне жететін қаржы. Бұл – еліміздің шалғайдағы станцияларына жаңа локомотив бөлінуге кететін қаражат. Бұл – теміржолшылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік беретін әлеует. Бірақ бұл қаражаттың бір бөлігі нарықтан емес, «келісіп алынған» бағыттан өткен.
Мұндай оқиғалар жүйеде бәсекенің емес, байланған мәміленің үстемдік етіп отырғанын көрсетеді. Ал бұл – тек бір саланың емес, бүкіл ел экономикасының дамуына кедергі келтіретін жайт. Егер теміржол саласы секілді стратегиялық маңызды құрылымдарда мұндай келісімдер орын алып жатса, онда біз нарықтың ашықтығы мен әділдігі туралы қандай сеніммен сөз ете аламыз?
Мұнай өнімдерін – әсіресе мотор майларын – тасымал саласына жеткізу оңай шаруа емес. Бұл – жоғары сапаны, үздіксіз логистиканы, техникалық қауіпсіздікті талап ететін күрделі процесс. Осы салада адал жұмыс істеп жүрген ондаған отандық компаниялар бар. Олар жыл сайын конкурстарға қатысып, өз мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Бірақ дәл осындай ірі ойыншылардың тасасында бұл компаниялар әділетсіз шешімдерге тап болса, онда ел ішіндегі кәсіпкерлік орта қайдан дамиды?
HILL Corporation – отандық ірі өндірушілердің бірі. Компанияны қаралау – біздің мақсатымыз емес. Мәселе – кімнің кінәлігінде емес, жүйенің қаншалықты әділ ұйымдастырылғанында. Егер бір компанияға ғана ыңғайлы жағдай жасалып, қалғандары шеттетілсе, онда бұл таза бәсеке емес. Бұл – әкімшілік ресурстар мен корпоративтік ықпалдың ықпалына түскен жүйе.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұл істі тереңінен тексеріп жатқанына қарамастан, қоғам болып бұл оқиғаға үн қосуымыз қажет. Себебі бұл – тек теміржол саласының ішкі мәселесі емес. Бұл – мемлекеттік компаниялар мен жеке бизнестің, адал еңбек пен келісіп алған табыстың арасындағы үлкен айырмашылық.
Мемлекеттік компаниялар – халықтың аманатына жауап беретін құрылымдар. Олардың әр тиыны – бюджеттің, демек, елдің ақшасы. Сол себепті «КТЖ-Жүк тасымалдары» секілді ірі ұйымдардың әр келісімі, әр сатып алуы ашық, әділ, жария түрде өтуі керек. Жасырын келісімдер, дискриминациялық шарттар, жасырын бәсекелестікті жою әрекеттері – ұлттық қауіпсіздікке төнген экономикалық қатермен тең.