Түнеукүні Тоқаев елдегі кәсіпкерлер құқығын қорғаушы бизнес-омбудсмен Қанат Нұровты арнайы қабылдаған еді.
Жабық есік жағдайында өткен кездесуде бизнес өкілі елдің экономикалық ахуалы мен бизнестің жай-күйіне қатысты ащы шындықты бүкпесіз жайып салған деп жазады Ertenmedia.
Нұровтың айтуынша, президент қолға алған жаңа экономикалық саясатты (НЭП) орындауға мем.органдардың өзі кедергі келтіріп отыр.
«Президент экономиканы ашық, бюрократиясыз дамытқысы келеді. Бірақ ол саясатқа мемлекеттік органдар іштей қарсы шығып, саботаж жасауда. Егер осы саботаж болмаса, бізде көршілес Қырғызстандағыдай 11 пайыз емес, одан да жоғары экономикалық өсім болар еді», – деп ашық айтты бизнес-омбудсмен.
Нұров президентке кәсіпкерлерге қысымның көбейгенін, мемлекеттік тексерулердің саны соңғы кезде 75 пайызға өскенін жеткізген. Оның айтуынша, тексерулердің басым бөлігі кәсіпкерге көмектесу емес, жазалап, құртуға бағытталған.
«Қателік әркімнен кетеді, оны түзеуге уақыт берілуі тиіс. Қазір кәсіпкерлер әрбір тексеруден кейін «енді бизнесім жабылады» деп үрейленеді. Мұндай жағдайда экономиканың өсуі мүмкін бе?» – дейді Нұров.
Мемлекет басшысы осы кездесуде Қанат Нұровтан «шағын және орта бизнес теміржол мәселесіне неге алаңдайды?» деп тосын сұрақ қойған. Осы тұста бизнес-омбудсмен біраз тосылып қалғанын да жасырмады.
«Президент өте орынды сұрақ қойды, бірақ мен сәл тосылып қалдым. Сол кезде Президенттің көмекшісі Қанат Шарлапаев араша түсіп, «елде транзиттік жүктерге басымдық беріліп, шағын кәсіпкерлердің тауары ұзақ уақыт теміржолда тұрып қалады» деп түсіндіріп берді», – дейді ол.
Сонымен қатар Нұров «бизнестің азаматтық сипаттағы істері еш себепсіз қылмыстық іс болып кететінін» ашына айтқан.
«Кәсіпкер мен кәсіпкер, тіпті кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы дау азаматтық мәселе бола тұра, бірден қылмыстық іске айналады. Бұлай жалғаса берсе, бизнес банкрот болады», – дейді омбудсмен.
Кездесудің ең өткір сәті жаңа заң жобаларына қатысты өрбіген. Нұров Жаңа Қазақстанның кейбір популист депутаттары ұсынған заңдарға алдын-ала тәуелсіз сараптама жасалуы керек деген ұсыныс білдірген.
Оның айтуынша, заңдардың экономикалық салдары егжей-тегжей талданбай, салдары ескерілмей қабылдануда.
Мұны естіген Тоқаев терең ойға шомған екен. Президент кәсіпкерлердің мәселесіне құлақ түріп, бизнес-омбудсменнің ұсыныстарын қолдап, нақты тапсырма берген.
Қызығы сол, осы әңгіме туралы Нұров әлеуметтік желіге ашық пост жариялап, кейін оны дереу өшіріп үлгерген.