Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу әлі жалғасып жатыр. Ресейдің BAZA атты телеграм-арнасы ұшақтың қара жәшігінен алынған жазбалардың мәтінін жариялады.
Әзербайжандық БАҚ-та осы мәліметке қатысты сараптама жарияланды, —деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Бұл ақпарат қайдан шықты, қаншалық сенімді, ашылған мәліметтер Қазақстанға жеткізілген бойда оларды кім таратып жіберді?» деген сауалдарға нақты жауап жоқ. Бірақ жарияланған мәтінде назар аударатын негізгі сәттер бар», — дейді басылым.
ErtenMedia.kz мақаланың толық нұсқасын жариялауды жөн көрді:
«BAZA жариялаған стенограммадағы алғашқы жазба мәскеулік уақытпен 7:36:57-де басталады. Онда қаза болған ұшақ экипажы Грозныйдағы диспетчерлермен күнделікті жұмыс барысындағы байланыс жүргізеді. 8:16-да экипаж диспетчерге: «Грозный, басқару істен шықты. Кабинаға құс соғылды…», – деп хабарлайды. Содан кейін ұшқыштар Ростов орталығымен сөйлеседі: «Тап осы сәтте Минводы, Махачкала немесе Бакуге қайта оралу нұсқаларын қарастырып жатырмыз, өртсөндірушілер мен жедел жәрдемді дайындау керек, себебі ұшақ гидравликасыз қонады» дегендей шұғыл әрекеттерді талқылайды. 8:52:46 кезінде экипаж: «Бізде мынадай жағдай: жолаушылар салонындағы оттегі бітіп барады. Сондай-ақ, оттегі баллоны жарылған сияқты, жанармай иісі шығып тұр. Кей жолаушылар есін жоғалтып жатыр», – дейді.
Осыған қарағанда «құс соққысы» және «оттегі баллоны жарылды» деген болжамды ең алдымен ұшақ экипажы өзі айтып отыр. Одан кейін ресейлік ресми органдар, соның ішінде «Росавиация» да дәл осы құстардың соққысы мен газ баллоны туралы нұсқаны насихаттауға көшті. Тіпті экипаж бен жердегі диспетчерлер арасындағы әңгімені әдейі «таратып жіберген» болуы ықтимал: «бұл біздің ойлап тапқанымыз емес, оны ұшқыштардың өзі айтты!» деу үшін. Тіпті «Ақтауға да өздері ұшпақ болды» дегенді де алға тартып жатыр.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров баспасөз мәслихатында «қара жәшіктердің» деректері баспасөзде айтылған талай жайтты растамайды дегендей пікір білдірді. Бірақ біз осы жерде басты нәрсеге мән берейік.
Егер стенограмманы жариялау арқылы Ресей «бұл іске қатысымыз жоқ» деп ақталғысы келсе, бұлай «ақталуға» тырысудың ешбір қисыны жоқ. Себебі бұл стенограммада баяндалған фактілер керісінше: «сол күні Ресей аспанында қылмыс жасалды» дегенді дәлелдей түседі.
Ең алдымен дауыстық тіркеу құрылғысындағы жазбаға сүйенсек, сол уақытта Грозный да, Ростов та жерде не болып жатқаны туралы, атап айтқанда, украиналық ұшқышсыз аппараттар шабуылына қарсы әрекет жүріп жатқаны, навигация мен GPS ажыратылғаны, ең бастысы, жерден әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмыс істеп тұрғаны ұшқыштарға ескертпеген. Соған қарамастан ұшқыштар Грозныйға қонбақ болған, ал ол кезде аспан қауіпті еді.
Халықаралық авиациялық қағидаларға сай, жерде әуе шабуылына қарсы қару қолданылып жатса (бұл дрон шабуылынан қорғану ма, әлде жаттығу ма маңызды емес), тиісті мекемелер сол аумақта «әуе кеңістігін жабуы», ал диспетчерлер ұшқыштарды міндетті түрде хабардар етуге тиіс. Сөйтіп ұшақтар не резервтік әуежайға кетеді, не ұшып шыққан әуежайына оралады. Соңғы шешімді әуе кемесінің командирі қабылдайды. Бұл – Халықаралық азаматтық авиация ұйымы бекіткен қарапайым да нақты хаттама. Дамыған елдер дәл осы ережені әрдайым орындайды. Алайда Ресей, оның бір бөлігі саналатын Шешенстан бұл талапты орындамағаны көрініп тұр. Грозныйдағы диспетчерлер де, Ростов орталығы да AZAL ұшағының ұшқыштарына жерде не болып жатқанын ескерткен жоқ. Тіпті зениттік зымырандар тигеннен кейін де оларға ашық айтпаған.
Рас, «құс соқты» және «газ баллоны жарылды» деген нұсқаны алдыңғы кезекте ұшқыштардың өзі айтқан. Бірақ темірдің ішінде ұшып бара жатқан кезде жолаушылар ұшағының әуеден зымыранмен атылуы мүмкін екені ойларына да келмеген. Ал «Росавиация» өкілдері осы болжамдарды тарата бастаған шақта-ақ зымыран соққысынан хабардар болуы керек еді. Демек, олар қасақана жалған сөйлеген.
Енді сұрақ: олар нені көздеген? «Ұшаққа зымыран тиді» деген ақиқат мәңгі жасырын қалады деп ойлады ма? Әлде Қазақстан мен Әзербайжан билігі бұл өтірікке көз жұмып, апаттың шынайы себебін ашпайды деп үміттенді ме?
Бірақ осы жарияланған стенограмма тағы да Әзербайжанның Ресейге қоятын талаптарының әділетті екенін көрсетеді:
- Бұл апат үшін жауапкершілікті мойнына алу.
- Ресми түрде кешірім сұрау.
- Ашық тергеу жүргізу.
- Кінәлілерді жазалап, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына өтемақы төлеу.
Әзірбайжан бұл талаптардан бас тартпайды».
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.