Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы аясында халыққа қызмет көрсету орталықтарына жаңа кадрларды қабылдауға мораторий жарияланып, бос штаттық бірліктер қысқартыла бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ХҚКО жүйесінің жаңа форматқа өтуіне байланысты кадрлық өзгерістер туралы түсініктеме берді. Оның мәліметінше, орталықтарда бос тұрған штат орындары ретке келтіріліп жатқанымен, жұмыс істеп жүрген мамандарды жаппай босату көзделмеген.
Бос орындарды қысқарту және кадр саясаты
Министрлік өкілі қызметкерлер санын айқындау кезінде тұрғындардың орталықтарға келу ағынын ескеретін арнайы әдістеме қолданылатынын алға тартты. Қызметтердің онлайн жүйеге көшуі нәтижесінде орталықтардағы операторларға тікелей жүгінетін азаматтардың үлесі 30 пайызға төмендеген.
Вице-министр табиғи кадрлық ауыс-түйіс салдарынан босаған орындарды оңтайландыру тетігін егжей-тегжейлі баяндады.
«Бізде қызметкерлерді жұмыстан шығару мақсаты жоқ. Мұны бірден баса айтқым келеді. Қазіргі уақытта бос тұрған штаттық бірліктерді қысқарттық. Жаңа қызметкерлерді қабылдауға тұрақты түрде мораторий жариялап, қазір жұмыс істеп жүрген мамандарды сақтап қалуға тырысамыз. Кез келген ұйымда кадрлардың ауысуы болады, соның есебінен белгілі бір бос орындар жиналғанда, оларды штаттан алып тастаймыз», – деді Ростислав Коняшкин.
Цифрлық кеңселер және мамандарды қайта даярлау
Еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтары кезең-кезеңімен жаңа цифрлық кеңселерге айналып келеді. Мұндай ғимараттарда негізгі орынды өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары, құжаттандыру терминалдары мен eGov GPT цифрлық көмекшілері алады. Ал онлайн алу мүмкін емес қызмет түрлері үшін 2-3 оператор ғана қалдырылады.
Осыған байланысты қызметкерлердің жұмыссыз қалмауы үшін оларды қайта бағыттау шаралары қолға алынды. Қолданыстағы мамандар азаматтарға кеңес беруге жұмылдырылып, мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін талдау және оларды оңтайландыру бағыттарына қайта оқытылуда.
Бүгінде азаматтардың орталықтарға баруының 79 пайызын құрайтын ең сұранысқа ие он мемлекеттік қызмет онлайн жүйеге ауыстырылды. Алдағы уақытта тағы 12 қызмет түрі тек электронды форматта көрсетілмек.
📌 Подписывайтесь на Telegram-канал Ertenmedia: коротко о главном, самая актуальная информация здесь!







