Желі қолданушысы Айдар Сейдімбек жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасына қатысты өз ойын ортаға салып, бұрын жасалған шарттардың құқықтық тұрақтылығын сақтау жолдары туралы пікір білдірді. Ол Президент Тоқаевтың Жолдауында айтылған реформаны қолдайтынын жеткізіп, заңнаманы жаңартумен қатар оны қолданысқа енгізудің өтпелі тетіктеріне айрықша назар аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұзақ мерзімді шарттар мен кері күші болмайтын қағидат
Айдар Сейдімбектің айтуынша, жаңа Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған келісімдердің құқықтық тағдыры — реформаның ең маңызды бөлігі. Азаматтық айналымда бірнеше жылға есептелген жалдау, тауар жеткізу, қарыз және мердігерлік секілді ұзақ мерзімді шарттар аз емес. Мұндай келісімдердің талаптары сол сәттегі заңнамаға, тараптардың экономикалық есептеріне және олар қабылдаған тәуекелдерге негізделеді.
Желі қолданушысы егер жаңа заңнамалық нормалар нақты өтпелі қағидаларсыз қолданылса, шарттық міндеттемелердің тұрақтылығына және айналымға қатысушылардың негізді құқықтық күтулеріне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Сейдімбек қолданыстағы Азаматтық кодекстің 4 және 383-баптарында азаматтық заңнаманың кері күші болмайтыны, сондай-ақ заңда тікелей өзгеше көрсетілмесе, кейін міндетті талаптар өзгерсе де бұрынғы шарттардың талаптары сақталатыны бекітілгенін алға тартады.
Өтпелі ережелер мен жаңару арасындағы тепе-теңдік
Автор жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде осы құқықтық тәсілді сақтап қана қоймай, оны өтпелі ережелер арқылы бірізді іске асыру қажет деп санайды. Оның пайымдауынша, бұрынғы шарттарға қандай нормалар қолданылатыны, Кодекс күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттердің қалай реттелетіні және жаңа талаптардың бұрын қалыптасқан қатынастарға қолданылуы мүмкін айрықша жағдайлар нақты айқындалуы тиіс.
Сонымен бірге Айдар Сейдімбек құқықтық тұрақтылық қағидатын заңнаманы жаңғыртуға кедергі ретінде қарастырмау керектігін атап өтеді. Егер жаңа нормалар қоғамдық маңызы бар мүдделерді қорғауға немесе елеулі құқықтық тәуекелдерді жоюға бағытталса, заң шығарушы арнайы талаптар белгілей алады, бірақ ондай шешімдер түсінікті, негізді әрі қатысушылар үшін алдын ала болжамды болуға тиіс.
«Жаңа Азаматтық кодекстің сапасы оның нормаларының мазмұнымен қатар, қолданыстағы құқықтық реттеуден жаңа жүйеге көшу үдерісінің қаншалықты сауатты ұйымдастырылатынымен де айқындалады деп есептеймін. Құқықтық реформа тараптардың бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбай, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтуы қажет», – деп жазды Айдар Сейдімбек.
📌 Подписывайтесь на Telegram-канал Ertenmedia: коротко о главном, самая актуальная информация здесь!







