Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары талқыланды.
Отырыста Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мұнайдан байып отырған олигархтарға шүйлікті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың айтуынша, мұнайдың эрасы бітуге таяу. Алайда ол Жаңа Қазақстан келгеннен бері мұнайдың қызығын кім көріп отыр деген сұрақ әлі күнге дейін елді мазалайтынын жеткізді.
«Бір ғана мысал келтірейін. «Қаражанбасмұнай» деген компания бар. Содан қазақстандық «Каспийшиппинг» деген компания тендерді жеңіп алған. Оның орнында бұрын «Евразия» деген Қазақстанның олигархтарына тиесілі компания болған. Енді сол қазақстандық компанияны «Қаражанбасмұнай» өзінің жұмысына кіргізбей жүр. Бұл Қазақстанда бүгін, дәл қазір болып жатыр. Мына жердегі ҚазМұнайГаздың басшысына телефон шалып, сөйлесу мүмкін емес», — дейді Сайыров.
Мәжіліс депутаты мұнайдың игілігін халық көруі керек екенін айтты.
«Қазіргі ең негізгі мәселе: мұнайды өндіру емес, мұнайдың игілігін кім көріп жатыр деген сұрақ?! Мұнайдың игілігін Конституция бойынша халыққа қайтара алдық па, жоқ па? Менің ойымша, әлі күнге дейін қайтара алған жоқпыз. Өйткені мұнайды тасымалдау, сату сол баяғы олигархтардың қолында отыр», — дейді Сайыров.
Айта кетейік, бұған дейін Ермұрат Бапи мұнайды сататын ұлттық оператор құру керек деген ұсынысын жеткізді.
«Біздің елдің мұнайы шекараға дейін ішкі нарықтың бағасымен сатылады. Шекарадан әрі мұнайдың әлемдік бағасы бойынша саудаланады. Екі аралықтағы маржа офшорларда, шетелдік банктерде шөгіп қалады. Бұл екі арада биыл біздің ел тартқан табиғи апаттан мемлекеттік бюджет орасан зор тапшылыққа тап болды, енді елдің әлеуметтік сұранысын өтеу үшін ұлттық қорға қол салдық. Тіпті бюджеттің жыртығын жамау үшін шетелдік банкілерден несие алып, еліміздің сыртқы қарызын тағы еселей түстік. Біз осындай әділетсіз және қазақ үшін қиянатты саудадан әлдекімдерді қисапсыз байытып отырмыз. Осы жолда бірегей оператор құру мәселесін шешуіміз керек деп ойлаймын.
Бір парадокс: бізде мұнай өндіретін ұлттық компания бар, мұнайды тасымалдайтын ұлттық компания бар, ал мұнайды саудалайтын бірегей ұлттық оператор неге болмауы керек? Үкіметтің тарапынан ұсыныс болса, ұлттық оператор құру жөніндегі ұсыныстарды Парламент қарап, заңдастырып береді деген сенімдемін», — дейді ол.