2024 жылдың тамыз айында Қазақстанда ресейлік төлем жүйелері арқылы жасалған ақша аударымдары айтарлықтай қысқарған, — деп хабарлайды Erten Finance.
Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, ресейлік «Золотая Корона» жүйесі арқылы халықаралық аударымдардың үлесі шілдедегі 55,4%-дан 51,7%-ға дейін төмендеді. Қазақстаннан шетелге осы жүйемен жасалған аударымдар көлемі де қысқарып, шілдедегі 89,3%-дан тамыз айында 86,4%-ды құрады.
Осылайша, бірнеше ай бұрын халықаралық аударымдардың 90%-ын қамтыған «Золотая Корона» айтарлықтай құлдырауға ұшырады.
Бұл төмендеудің негізгі себебі – тамыз айында АҚШ-тың Ресеймен байланысты «Қаржы технологиялары орталығы» (ЦФТ) компаниясына санкция салуы.
Аталған компания «Золотая Корона» жүйесіне арналған мобильді қосымшаны әзірлеген және осы жүйенің операторына қызмет көрсететін ұйыммен тығыз байланыста болған.
Санкциялардың салдарынан қазақстандық банктердің көпшілігі бұл жүйемен жұмыс істеуді уақытша тоқтатты. Алайда кейбір банктер кейін «Золотая Корона» арқылы аударымдарды қалпына келтірді, бұл жағдайдың әлі де болса толық тұрақтанбағанын білдіреді.
Бұл оқиғалар аясында халықаралық төлем жүйелерінің үлесі артып отыр.
Мысалы, «Western Union» арқылы Қазақстанға келіп түскен ақша аударымдары шілде айындағы 27,7%-дан тамызда 30,3%-ға дейін өсті. Қазақстаннан шетелге аударылған қаражат көлемі де шілдедегі 7,1%-дан тамызда 9,2%-ға артты. «Moneygram» жүйесі де өсім көрсетіп, шілдеде Қазақстанға аударымдар үлесі 15,5%-дан тамыз айында 16,4%-ға жетті, ал Қазақстаннан шетелге аударымдар 1,8%-дан 2,1%-ға дейін ұлғайды.
Ресейлік төлем жүйелерінің жағдайы «Золотая Коронамен» шектелмейді. 2023 жылдың екінші жартысында «Юнистрим» төлем жүйесі де қиындықтарға тап болды. Аталған жүйемен жұмыс істейтін банк АҚШ санкцияларына ілікті, бұл көптеген қазақстандық қаржы институтының осы жүйемен арадағы қызметін тоқтатуға әкелді.
«Қазақстандық банктердің халықаралық жүйелерге көбірек назар аударуы Ресейдің экономикалық ықпалының азаюына ықпал етіп қана қоймай, қаржы саласындағы жаңа бағыттарға көшу қажеттілігін көрсетеді. Санкциялардан кейін ресейлік жүйелердің нарықтағы үлесі азайып, халықаралық жүйелердің артуы Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігін күшейтудің алғашқы қадамдарының бірі болуы мүмкін», — дейді осы ретте сарапшылар.