«SAQTAN» әлеуметтік жобасы аясында соңғы бір ай ішінде Алматы облысында 500-ден астам есірткі жарнамасы – заңсыз граффити, QR-код және Telegram сілтемелері жойылды. Бұл жұмыстарға жастардың өздері – еріктілер, студенттер және жастар ресурстық орталықтарының белсенділері тікелей атсалысуда,- деп хабарлайды Ertenmedia.
«Көп адам бұл жазуларды жай граффити деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, олар – жастарды Telegram арқылы есірткіге тартатын арналардың сілтемесі. Біз соңғы бір айда облыс аумағынан 500-ден астам осындай жарнаманы өшірдік. Оның ішінде мектеп маңында орналасқандары да болды», – дейді жобаның үйлестірушісі Әділет Айтқазы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде «SAQTAN» жобасы аясында жастармен тікелей жұмыс істейтін 50-ге жуық ерікті мен маман тартылған. Олар күн сайын әлеуметтік желілерді бақылап, жасырын есірткі жарнамасын анықтап, жергілікті жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Біз күніне кемінде 10-15 күмәнді сілтемені анықтаймыз. Көп жағдайда олар Telegram-арналар арқылы таратылып, жастарды қызықтыратын атаулармен бүркемеленеді. Жарнамалар мектеп қабырғасына, аялдамаға немесе жатақхана маңына жазылады. Сол үшін әлеуметтік желіні де, көшені де қатар бақылауға тура келеді», – дейді еріктілер тобының үйлестірушісі Арайлым Бекова.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруінің алдын алу мақсатында еріктілер құқық қорғау органдарымен бірге түнгі рейдтерге қатысып жатыр. Бұл шаралар да жобаның маңызды бағыты ретінде жалғасуда.
Жоба аясында Қарасай, Талғар, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында 7 семинар өткізіліп, 1 мыңға жуық жас пен ата-ана қамтылды. Кездесулерде есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізіп жүрген полицейлер, психиатр-наркологтар, депутаттар, спорт чемпиондары мен бұрын тәуелділіктен өткен, бүгінде өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген кеңесшілер зиянды әдеттердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, жастармен ашық сұхбат құрды.
Айта кету керек, Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлық, суицид, вейпинг және құмар ойындар сынды зиянды әдеттердің таралуына қарсы тұру және олардың алдын алу.