Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов қызметінен босатылды. Аталған лауызымға Бесқарағай ауданын басқарған Талғат Мұратов тағайындалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Buzyq дерккөзі экс-әкімнің қызметінен босатылуына Семейде болған жағдай себеп болуы мүмкін екенін алға тартады.
“Бұл шешім педагогтарды орталық алаңдағы шыршаны безендіру жұмыстарына заңсыз тартуымен байланысты болуы мүмкін. Бұған дейін осы себеппен қалалық білім бөлімінің басшысы да қызметінен кеткен болатын”, — деді дереккөз.
Алайда Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты теріске шығарып, Нұрбол Төлегенұлының қызметтен кетуі шырша немесе жарақат алған мұғалім оқиғасымен еш байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Олар бұл жағдайдың тек сәйкестік екенін және әкімнің жұмыстан өз еркімен, қызмет ауыстыруына байланысты кеткенін атап өтті.
Айта кетейік, Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде ауыр жарақат алған мұғалім әлі де ауруханада жатыр.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында аталған оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізу керек екенін айтқан болатын.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы — заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту — «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін», — деп жазды ол.
Бұл оқиғаға мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді.
“Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабында мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп қатыстыру сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу”, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов осы жағдайға байланысты нақты шаралар қабылдау қажет екенін алға тартты:
1. Облыс басшылығы бұл оқиғаны мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
2. Мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
3. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері педагогтардың құқықтарын қатаң сақтау бойынша өз міндеттерін орындауы тиіс.
“Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету”, – деді Аймағамбетов.