Бас аудитор Әлихан Смайылов орта білім беру саласына бөлінген қыруар қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеріп, бірқатар кемшіліктің бетін ашты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аудит нәтижесінде анықталғандай, салаға бөлінген қаржының 65,6 миллиард теңгесі тиімсіз игерілген. Осы мәселе Жоғары аудиторлық палатаның Әлихан Смайылов төрағалық еткен отырысында жан-жақты талқыланды.
Жиынға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған жауапты тұлғалар қатысты.
Тексеруде 2019 жылдан бері атқарылған шаралардың тиімділігі сарапталды. Бүгінде республикадағы мектеп саны 7,8 мыңнан асады. Соңғы бес жылда оқушылар мен педагогтар санының үздіксіз өсуі байқалады. Білім саласына жұмсалған шығындар да еселеп көбейіп, 2019 жылғы 1,3 триллион теңгеден биылғы көрсеткіш 4,8 триллион теңгеге жеткен.
Бірақ, бір кілтипан бар
Дегенмен осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жиі өзгеруі білім саласындағы тұрақсыздыққа әкеп соққан. Бастаған іс аяқсыз қалып, көптеген бастамалардан қайыр болмаған.
Палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржы көлемі өскен сайын мемлекет салынған инвестицияның қайтарымын күтуге құқылы екенін атап өтті. Оның айтуынша, орта білімді дамытуға бөлінген әрбір теңге тиімді жұмсалып, нәтижесі көрінуі тиіс.
Аудиторлық тексеріс мұғалімдерді даярлауға қатысты да кемшіліктерді анықтады. Педагог мамандарды даярлаудағы мемлекеттік тапсырысты жоспарлау барысында Еңбек министрлігінің болжамдары шынайы сұраныспен сәйкес келмейді. Бұл – есептеулердегі қателік пен әдістемелік кемшіліктің салдары. Мұғалімдердің біліктілігін көтеруге бағытталған курстардың соңғы нәтижесі де көңіл көншітпейді. Алынған жаңа білім мектепте нақты қолданылудың орнына, семинар ұйымдастырумен және есеп үшін мақала жариялаумен шектеліп отыр.
Жүйесіздік білім стандарттары мен оқулық әзірлеу ісінде де белең алған
Оқу жоспарларының тұрақсыздығы оқулықтарды қайта жазып, басып шығаруға әкеліп соққан. Соңғы бес жылда кітаптарды қайта шығаруға бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаражат кеткен. Оқулық сапасын бағалаудың біркелкі жүйесі қалыптаспағандықтан, бағалау өлшемдері бес жылдың ішінде 12 мәрте өзгерген.
Бұдан басқа, елдегі 66 мектеп білім беру лицензиясынсыз жұмыс істеп отырғаны белгілі болды. Мемлекеттік мектептерді қосқанда, білім ошақтарының жалпы жағдайы алаңдауға негіз береді.
Соңғы деректер бойынша, мектептердің тек 18,2 пайызы ғана алғашқы сынақтан сүрінбей өтіп, аттестацияны ойдағыдай тапсырады. Аталған мәлімет жалпы орта білім саласындағы мәселелердің тым тереңдеп кеткенін көрсетеді.
Аудиторлардың нақты есебі бойынша, орта білім саласында 1,1 миллиард теңгеге қаржылық заң бұзушылық анықталған. Бұған қоса, 62,4 миллиард теңге қаржы жоспарлау кезінде тиімсіз бөлінсе, тағы 3,2 миллиард теңге мақсатсыз жұмсалған.
Отырыс соңында Әлихан Смайылов аталған кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды. Ол оқу-ағарту министрлігі мен жауапты мемлекеттік органдарға білім саласындағы реформаларды жалғастыруда жүйелілік пен сабақтастықты сақтау қажеттігін қадап айтты.

