Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Томирис шағынауданындағы Джигитовка өзенінің бойындағы тоғандарды қайта жаңғырту жобасымен танысты. Аталған жоба Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының тапсырысы бойынша әзірленуде.
Қала басшысы жобаның маңыздылығын атап өтіп, су айдындарын инженерлік нысан ретінде ғана емес, сонымен қатар экологиялық және қоғамдық кеңістік ретінде қарастыру қажеттігін айтты.
Жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмысын «Қазгипроводхоз институты» ЖШС жүргізуде. Құжаттама 2025 жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтіп, толық дайын болуы тиіс. Ал жобаның нақты іске асырылуы 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Экология басқармасының жетекшісі Мирас Гайсиннің айтуынша, жоба аясында қазір жұмыс істеп тұрған бес бөгетті қайта жөндеу, бір жаңа бөгетті салу, тоған түбін тазарту және жағалауларды бекіту жоспарланғанын тілге тиек етті. Бұған қоса, өзен бойында бейнебақылау, жарықтандыру және автоматтандырылған мониторинг жүйелері де орнатылады. Жобаланған аумақтың жалпы көлемі 122 гектардан асады, ал су айдыны – шамамен 39 гектар. Тоғандардағы судың есептік көлемі 821 мың текше метрге жетеді.
Мұндай кешенді жоба су нысандарының экологиялық жай-күйін жақсартуға ғана емес, тұрғындар үшін демалыс және рекреациялық кеңістік құруға да мүмкіндік береді. Дархан Сатыбалдының айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде дәл осындай су қоймалары қала тұрғындары үшін тартымды, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістікке айналып отыр. Алматы да бұл тәжірибеден шет қалмауы керек.
Жобаның келешекте жүзеге асуы Алатау ауданы тұрғындарына арналған жаңа демалыс орнының пайда болуына негіз болады. Құжаттамада жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым, жарықтандыру, көгалдандыру, тазарту құрылыстары, санитарлық бақылау жүйесі және экологиялық ластануға жол бермеу шаралары қарастырылған.
Бұл бастама қала экологиясын жақсартып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ. Су нысандарын кешенді түрде қалпына келтіру – жай табиғи аумақты сақтау емес, Алматының болашағына бағытталған стратегияның бір бөлігі.