Қазақстанда отандық тасымалдаушыларға арналған жеңілдіктерді пайдаланып отырған шетелдік компаниялардың жұмысына тексеріс жүргізу туралы мәселе көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде халықаралық автотасымал нарығына қызмет ететін ірі шетелдік компаниялардың тіркелуі жаппай сипат алған. Мұндай тәсіл арқылы олар бастапқыда тек қазақстандық бизнеске арналған квоталарға, лицензиялар мен салықтық жеңілдіктерге қол жеткізіп отыр.
«Шын мәнінде, бұл компаниялар шетелдік көлік паркін, шетелдік капитал мен кадрларды пайдаланады және оларды сырттан басқарады. Осы кәсіпорындардың заң талаптарын қаншалықты орындап отырғанын, капиталдың қозғалысын, соңғы бенефициарларын, персонал құрамы мен басқару органдарын тексеру қажет. Содан кейін оларға отандық тасымалдаушыларға арналған жеңілдіктерді пайдалануға тыйым салған жөн. Сонымен қатар көлік құралдарын тіркеу нөмірлерін, халықаралық тасымал куәліктерін беру тәртібін және квоталарды бөлу механизмдерін қайта қарауды ұсынамыз», – деді депутат.
Жүк көлігі иелері мен жүргізушілері қауымдастығының мәліметінше, қазір Қазақстан нарығындағы шетелдік үлесі бар компаниялардың саны 75%-дан асып кеткен. Депутаттың пайымдауынша, тез арада шара қолданбаса, халықаралық тасымал саласы түгелдей шетелдік операторлардың қолына өтіп кетуі мүмкін.
Серік Ерубаев мұндай компаниялардың халықаралық тасымалдаушылар ретінде қосымша құн салығынан босатылғанын, сондай-ақ жүк көліктерін утильдік алым төлеместен тіркеп жатқанын атап өтті.
«Сонымен қатар, шетелдік жүк көліктері Қазақстанда резиденттерге арналған ақ нөмірлермен тіркеліп, халықаралық тасымал куәліктерін алып, Еуропа елдеріне жүк тасымалдап жүр. Шын мәнінде олар өз елдерінің мүддесіне жұмыс істеуде. Ал Қазақстанда шетелдік қатысуы бар компаниялардың көліктері арнайы «М» және «Н» сериялы сары түсті нөмірлермен тіркелуге міндетті екенін еске салғым келеді», – деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың бұған көз жұма қарауы мен шетелдік ірі компаниялардың ықпалы отандық автотасымалдаушыларды нарықтан ығыстырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін отандық тасымалдаушылар шекарадағы электронды кезек мәселесіне байланысты да шағым айтқан болатын.