Астанада 3 мыңнан аса қатысушының басын қосқан Senat Open республикалық шахмат турнирінің финалдық кезеңі басталды. Турнирдің ашылу салтанатына Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов арнайы қатысты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Турнирдің ашылуы концерттік бағдарламамен өрнектеліп, қатысушылар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жарыстың мән-маңызы туралы сөйлеген Тимур Турлов Senat Open турнирінің әлеуметтік миссиясына ерекше тоқталды:
«Бұл турнир мен үшін ерекше жобалардың бірі. Оның өзіне тән мәнері, ерекше рухы және айқын әлеуметтік миссиясы бар. Жарыс қатысушылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, достықты нығайтатын алаңға айналды. Мұнда табандылық, көшбасшылық, адал бәсеке және үлкенге құрмет секілді халқымыздың қадірлі құндылықтары ұлықталады», – деді Турлов.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда шахмат спортының қарқынды дамып, оған әуесқойлар мен кәсіпқойларға бірдей мүмкіндік жасалып отырғанын атап өтті.
«Осындай жобалар азаматтардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға және мемлекеттік басқару саласына қажетті дағдыларды қалыптастыруға зор септігін тигізеді», – деді Әшімбаев.

Жарыстың іріктеу кезеңдері биылғы 21 ақпан мен 27 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Одан кейін бес жартылай финал: 25 маусымда Түркістанда (Оңтүстік), 29 маусымда Семейде (Орталық), 4 шілдеде Көкшетауда (Солтүстік), 23 шілдеде Оралда (Батыс), 9 тамызда Талдықорғанда (Шығыс) өтті.
Финалдық кезеңге аймақтардан үздік шыққан 215 қатысушы жолдама алды. Жарыс жеңімпаздары арнайы грамоталар және кубокпен марапатталады.
Тимур Турлов Қазақстан шахмат спорты бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі екенін, жыл сайын республикада 200-ден аса шахмат турнирі өтетінін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары жастарды қолдау нәтижесінде қазақстандық шахматшылар халықаралық ареналарда жоғары жетістіктерге жеткен.
«Қыздар құрамасы шахмат олимпиадасында күміс медаль алды. Жалпы халықаралық жарыстарда қазақстандық шахматшылар 30-дан астам алтын және көптеген күміс, қола медальдарды қанжығасына байлады», – деді федерация басшысы.