Қазақстанда цифрлық активтер мен жеке деректердің айналымы заңмен реттеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
17 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Жаңа заң екі негізгі бағытты қамтиды.
- Бірінші бағыт – заңнаманы жасанды интеллект туралы заңға сәйкестендіруді көздейді.
- Екінші бағыт – цифрландыру саласындағы өзге мәселелерді реттеуге арналған.
Құжаттың маңызды жаңалығы Қазақстан аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (мысалы, криптовалюта) айналымын заңдастыру.
Бұған дейін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымы тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында ғана рұқсат етілген еді. Енді елімізде мұндай активтерді сату мен сатып алуға заң жүзінде жол ашылады.
Заң арқылы азаматтардың жеке деректерін қорғау талаптары да күшейтілді. Бұдан былай жеке деректерді жинауға және өңдеуге берілген келісім мерзімі нақты белгіленеді. Яғни, азамат жеке деректерін өңдеуге келісім берген жағдайда, бұл келісім тек деректерді жинау мен пайдаланудың мақсатына жетуге қажетті уақыт аралығымен шектеледі. Сондай-ақ азамат немесе оның заңды өкілі кез келген уақытта деректерді жинауға және өңдеуге берген келісімін кері қайтарып алуға құқылы.
Сонымен қатар, ішкі сауда саласында тауарларды таңбалау механизмдері жетілдірілді. Енді ішкі сауда субъектілері сатылымдарды бақылау-касса машиналары арқылы арнайы идентификациялық белгілерді сканерлеу жолымен тіркеуі тиіс.
Бұдан басқа, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты талаптар да бірқатар маңызды өзгеріспен толықтырылды.

