Танымал әмерикалық инвестор, Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Әлтхаустың пікірінше Қазақстанның минералды ресурстар бағытындағы потенциалы жойқын.
Ertenmedia.kz Әлтхаустың осы тараптағы талдауын қаз-қалпында ұсынып отыр. Сонымен:
Тоқаев ескі Қазақстанның ережесін бұзды
Әлемде сирек кездесетін металдар мен минералдарға сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.
Аккумуляторлар, тұрақты магниттер мен жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті элементтердің тапшылығы анық байқалуда.
Бұл тапшылықтың басты себебі – Бейжің. Литий, графит, никель, кобальт және сирек жер металдарының әлемдік жеткізу тізбегін Қытай компаниялары ұстап отыр.
Осы жағдай Қазақстанның стратегиялық маңызын арттырады.
Бектенов үкіметінің мәліметіне сәйкес, ел аумағында 5000-нан астам кен орны бар. Бүгінде Қазақстан АҚШ-тың аса маңызды минералдар тізіміндегі 17 минералды, Еуропалық Одақ үшін маңызды саналатын 30 минералдың 19-ын өндіреді.
2024 жылы Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап, әлемдік өндірістің 38%-ын құрады. Сонымен бірге 2023 жылы мыс өндіруден әлемде сегізінші орынға шығып, жалпы көлемі 828,5 мың тонна мыс өндірді. Қазақстан цинк өндірісінен де алғашқы ондыққа енген.
Қазақстанның тау-кен секторындағы қазіргі инвестициялық серпіліс – президент Тоқаевтың реформаларының нәтижесі.
Бұрын инвесторлар лицензия алу мен рұқсат рәсімдеріндегі бюрократия мен жемқорлыққа жиі шағымданатын.
Президент Тоқаевтың бастамасымен енгізілген британдық үлгідегі Жер қойнауын пайдалану кодексі («first come, first served» – бірінші келген бірінші алады принципі бойынша жұмыс істейді) осы мәселені түбегейлі шешті.
Сонымен қатар, АХҚО (Астана Халықаралық қаржы орталығы) аясында инвестициялық келісімшарттарға халықаралық деңгейде құқықтық кепілдіктер беріліп, бұл Қазақстандағы инвестициялық климатты айтарлықтай жақсартты.
Бұл өзгерістердің тиімділігін өз тәжірибемізден көрдік. Cove Capital компаниясының еншілес кәсіпорны Kaz Critical Minerals – Қазақстанда сирек кездесетін металдар бойынша лицензия алған алғашқы америкалық компания. Біз Kazgeology ұлттық компаниясымен бірлесіп Akbulak Rare Earth жобасын жүзеге асырып отырмыз.
Бұл кен орнында 380 мың тонна сирек жер металдарының қоры бар, оның ішінде магнит өндірісіне қажетті неодим мен празеодим оксидтері кездеседі.
Минералды ресурстар? Қазақстан төрт бағытта табыс таба алады
Қазақстанда минералды ресурстар өндірісі төрт негізгі бағытта қарқынды дамуда.
Біріншісі – аккумуляторлық металдар: литий, марганец және графит. Қазақстан литий-ионды аккумуляторларға қажетті жоғары тазалықтағы марганец сульфатын өндіреді.
Графиттің ірі кен орындары игеріліп, фосфор негізіндегі литий-иондық аккумуляторларды өндіру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Екінші бағыт – тугоплавты металдар.
Қазақстан бүгінде рений өндіріп, қайта өңдеумен айналысып отыр. Рений суперқорытпалар жасауға, әсіресе жоғары температурадағы авиациялық қозғалтқыштарға қажет.
Үшінші бағыт – тұрақты магниттерге арналған сирек жер металдары.
Қытай қазіргі таңда галлийдің әлемдік өндірісінің 99%-ын бақылайды. Алайда Қазақстан галлий өндірісін қолға алып, Қытайға тәуелділікті азайтуға қабілетті елдер қатарына кірді. Сондай-ақ Астана неодим, галлий және селенді өндіруде маңызды әлеуетке ие.
Төртінші бағыт – жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті элементтер.
Қазақстан ұлттық уран операторы «Қазатомөнеркәсіп» арқылы скандий сияқты сирек кездесетін металдарды өндіру технологияларын сынап жатыр. Компания өкілі Дастан Көшербаевтың айтуынша, сынақтар сәтті болса, бұл металдарды өнеркәсіптік деңгейде өндіруге мүмкіндік ашылады.
Бұл ретте Қазақстан АҚШ және Еуроодақпен белсенді серіктестік орнатқан.
2022 жылы АҚШ-пен «C5+1» форматындағы маңызды минералдар бойынша диалогқа қосылды. Сонымен қатар, АҚШ-пен минералдық қауіпсіздік бойынша серіктестік орнатып, технологиялық трансферттерді іске асыруда.
Еуроодақпен де минералды шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі бойынша стратегиялық серіктестік меморандумына қол қойылды.
Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қазақстандық Sarytogan Graphite компаниясына әлемдегі ірі графит кен орындарының бірін игеру үшін 3 млн еуро инвестиция құйды. Биыл бұл компания 25 жылға кен игеру лицензиясын алды.
Қорыта айтқанда, Президент Тоқаев енгізген батыл реформалар мен геологиялық кодекс әлемдік инвесторлардың назарын Қазақстанға бұрды. Елдің дамыған инфрақұрылымы мен жыл сайын шығарылатын білікті кадрлар саны (2024 жылы 3000 жас геолог маман) да инвесторлар үшін маңызды фактор болып отыр.
Қазақстан осылайша Қытайдың минералды ресурстар нарығындағы монополиясына балама ретінде көрініп, сирек кездесетін минералдар бойынша жаһандық жеткізу тізбегіндегі маңызды елге айналуда.