Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалып, бюджет кірісінің жартысына жуығы Ұлттық қордан алынатын трансферт мен сырттан тартылған қарыз есебінен жабылып отырғаны анықталды деп жазады Ertenmedia.
Мұндай тәуелділік қаржы тұрақтылығын шайқалтып қана қоймай, бюджетті жоспарлаудағы хаосты күшейткен.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өткендей, былтыр бюджеттің кіріс бөлігі үш рет қайта қаралып, жоспарлы түсімдердің өзі орындалмаған.
Сөйтіп, бюджет тапшылығын жою үшін Ұлттық қор мен сыртқы қарызға жүгінуге тура келген.
«Бұл қордағы қаржыны болашақ ұрпаққа сақтаудың орнына, күнделікті қажеттілікке жұмсап отырмыз деген сөз», — дейді сарапшылар.
Соның салдарынан бюджеттің шығыс бөлігін 13 рет өзгертуге тура келген. Осы арқылы 6,2 трлн теңгенің шығыны қайта бекітілген. Бұл соңғы бес жылдағы ең нашар көрсеткіш.
Ұлттық қордан тәуелділіктің салдары да айқын: 2024 жылы бюджет қаражатының тапшылығынан республикалық бюджеттің бақылау есебінде жатқан 422 млрд теңге игерілмеген. Өңірлерге бағытталған 7 трлн теңгеге 912 жоба іске асырылуы тиіс болса, жыл соңына дейін соның жартысы да орындалмаған.
Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі бойынша бюджет қаражатын басқарудағы тиімсіздік сомасы 147 млрд теңгеге жеткен. Жалпы анықталған заң бұзушылықтардың көлемі бір жыл ішінде 65%-ға артып, 862 млрд теңгені құрады.
Бұл жағдай Ұлттық қор қаржысына тәуелділіктің артып бара жатқанын және үкіметтің ұзақ мерзімді жоспарлаудан гөрі, тек күнделікті қажеттілікті жабуға ғана машықтанғанын көрсетеді.