Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстандағы жаңа салық реформасы мен елдегі күрделі мәселелер жөнінде пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазір біздің үкіметтің жасап отырған әрбір қадамы стратегиялық тұрғыдан емес, тактикалық тұрғыдан ғана қабылданып отыр. Соның салдарынан мемлекет күнделікті өмірді ғана сүйреп, ұзақмерзімді дамуды естен шығарды. Бюджеттік қаражатты басқаруда ешбір тиімділік жоқ.
Осыған байланысты Роберт Сарноффтың мына бір сөзі есіме түседі: «Мемлекеттік қаржы қолдан қолға өтіп жүріп, соңында жоқ болатын өнер». Біздің қазіргі жағдайымыз да дәл сол өнерді меңгергендей әсер қалдырады.
Мемлекеттен бөлінген әрбір теңгенің нәтижесі жоқ, ол тек бюрократиялық аппараттың қалтасында жоғалады.
ҚҚС халықтың қалтасына қол салу ма?
Үкімет қосымша құн салығын (ҚҚС) бірден 16 пайызға дейін көтеруді «компромисс» деп жұртты алдарқатқысы келеді. Шын мәнінде, бұл ешқандай компромисс емес, бұл – халықтың қалтасына қол салудың жаңа әдісі. Әуелде 20 пайыз деп елді шошытып алып, кейін 16 пайызға түсіріп, халықты «қуантып» жатырмыз деген ойлары – қарапайым манипуляция ғана.
Неге десеңіз, ҚҚС-ны арттыру қарапайым халықтың, әсіресе, табысы төмен адамдардың мойнына түскен қосымша ауыртпалық. Экономикада «салықтың ауыртпалығы» деген ұғым бар. Бұл ұғым салық жүктемесінің ең соңында кімнің мойнына түсетінін анықтайды.
Қосымша құн салығы түптің түбінде тұтынушының қалтасынан шығатын салық. Мұндай жағдайда биліктің бұл әрекетін тек «салық саясаты» емес, «халықты кедейлендіру саясаты» деп атауға болады.
Бектенов? Үкіметтің логикасы мүлдем түсініксіз
Экономикалық тұрғыдан ойласақ, үкіметтің логикасы мүлдем түсініксіз. Неге екені белгісіз, олар салық мөлшерін көтергенде, бюджеттің кірісі автоматты түрде артады деп ойлайды. Бірақ бұл қате пікір. Себебі, экономикалық теорияда «сұраныстың икемділігі» деген термин бар. Сұраныстың икемділігі дегеніміз баға өскен сайын тұтынушының тауар сатып алу қабілетінің төмендеуі.
Осы қағидаға сүйенсек, ҚҚС өскенде халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, бюджетке түсетін салық керісінше азаяды. Яғни, билік бюджет тапшылығын жабудың орнына, өз қолымен жаңа проблемалар туғызады.
Қазір Қазақстан экономикасы төрт негізгі тірекке сүйенеді: ішкі тұтыну, инвестиция, мемлекеттік шығындар және экспорт. Бірақ бізде осы төрт тіректің үшеуі ішкі тұтыну, инвестиция және экспорттың болашағы күмәнді болып отыр. Үкіметтің қазіргі әрекеті осы тіректерді одан сайын әлсіретіп, экономикадағы тепе-теңдікті бұзуда.
Ұлттық қордың бастапқы миссиясы не еді
Мемлекет жыл сайын Ұлттық қордан рекордтық мөлшерде трансферт алуда. Ұлттық қор бастапқыда «болашақ ұрпақтың қоры» ретінде құрылып еді, ал қазір бұл қор үкіметтің төсегінің қасындағы тумбочкасына айналды. Бұл экономикалық саясат емес, қаражатты оңды-солды шашу ғана.
Біздің экономикадағы тағы бір үлкен кемшілік – мемлекеттік сатып алулар жүйесінің кемістігі. Мемлекеттік сатып алуда басымдық өзіміздің өндірушілерге емес, көбіне импорттық тауарларға беріледі. Қазақстан өз бюджетін басқа елдердің экономикасын қолдауға жұмсап келеді. Мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгертіп, өз өндірушілерімізді нақты қолдау керек. Бұл экономикалық саясаттың негізгі өзегі болуы тиіс.
Үкімет «бюджет тапшылығы» деген терминді жиі қолданады. Шын мәнінде, бізде бюджет тапшылығы емес, бюджеттік жоспарлаудың тапшылығы басым. Қаржыны тиімсіз пайдалану экономикамызды жыл сайын құлдырататын басты себеп. Егер бюджеттік қаражатты нақты, дұрыс мақсатқа жұмсасақ, бізге салықты көтерудің мүлдем қажеті жоқ еді.
Мысалы, Қытаймен арадағы шекарада жылына миллиардтаған доллардың контрабандалық тауары өтеді. Егер осы мәселені дұрыс шешіп, шекарадағы бақылауды күшейтсек, жылына ең кемінде бір триллион теңгені бюджетке қайтаруға болар еді.
Бірақ үкімет мұнымен айналысқысы келмейді, себебі бұл жерде үлкен жемқорлық схемалары бар.
Шашка ойнап, шахматтың жеңісін күтеміз
Мен үкіметтің экономикалық саясатын шахматпен емес, шашка ойынымен салыстырғанды жөн көремін. Шахматта ұзақ мерзімді стратегия бар. Ал шашкада әрбір жүріс бүгінгі сәтте ғана шешімін табады. Біздің үкімет шашка ойнап, шахматтың жеңісін күтеді.
Бұл ешқандай логикаға сыймайды. Экономикада шашка ойнауға болмайды, мұнда тек стратегиялық, ұзақмерзімді жоспар ғана жеңіс әкеледі.
Егер біз болашақты ойласақ, ең бірінші стратегиялық жоспар жасауымыз керек. Қытайдың мысалы біз үшін сабақ болуы тиіс. Қытайдың даму стратегиясы 200 жылға жоспарланған. Ал біздің жоспарлауымыз бір жылдан әрі аспайды. Қытай ұзақмерзімді жоспардың арқасында қазір әлемдік экономикада алдыңғы қатарда тұр. Біз болсақ әлі күнге дейін бюджетімізді дұрыс жоспарлай алмай келеміз.
Біздің мақсатымыз Қазақстанның экономикалық саясатын шашкадан шахматқа көшіру. Бізге стратегиялық ойлайтын, әрбір қадамның он, жиырма жылдық нәтижесін болжайтын үкімет керек. Қазіргі экономикалық саясатымыз өзгермесе, ертеңгі ұрпақтың алдында үлкен қарыздар боламыз».
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







