Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті өздерінің 15 қарашада таратқан хабарламасын кейбір БАҚ және әлеуметтік желі қолданушылары қате түсініп алғанын мәлімдеді.
Сөйткен кейбір азаматтар «Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (ББТ) тұрған азаматтар букмекерлік кеңселерде ұтылған ақшасын қайтарып ала алады» деген жалған ақпарат таратқан. Комитет бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарады:
1. «Ойын бизнесі туралы» Заңның талаптары: Заңның 15-бабы, 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, ББТ-да тіркелген азаматтарға құмар ойындар ойнауға және бәс тігуге толық тыйым салынған.
2. Егер құмар ойындарға немесе бәс тігуге заңсыз қатысу анықталса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, бұл әкімшілік шаралар аударылған ақшаны мәжбүрлеп қайтаруды қарастырмайды.
3. Комитет букмекерлік кеңселердің шоттарына аударылған қаражаттарды қайтарумен айналыспайды және мұндай қызмет көрсетуге уәкілетті емес.
Егер қаражатты қайтаруға қатысты даулар туындаса, азаматтарға:
— Сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну.
— Азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес, сотқа шағымдану ұсынылады.
Онда да іс лицензиясы бар букмекерлерге қатысты қаралады.