Қазақстандық депутаттар 700 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін жалақы алады. Бұл сома мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне, атқаратын қызметіне қарай әртүрлі төленеді. Дегенмен депутаттардың жалақыдан бөлек те мүлкі жетерлік болып шықты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәселен, Мәжілісмен Дәулет Тұрлыханов — бұрынғы спортшы, грек-рим күресінің балуаны, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
«Қазір депутат және өте ауқатты адам. Тұрлыхановтар отбасының активтері қатарында Семей қаласындағы автобустар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «СемАЗ» зауыты бар. Кәсіпорын мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысады және мемлекеттік ұйымдарға мектеп автобустарын, қар тазалайтын машиналарды, тракторлар мен шағын автобустар сатады. Десе де жиі сотқа тартылатын компанияны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптар қойылады», — деп жазылған ulysmedia.kz мәліметінде.
Басылым мәліметінше, «СемАЗ» ЖШС көлікті өндірумен, сатумен және сервистік қызмет көрсетумен айналысатын «Вираж» компаниялар тобына кіреді. Топтың басты құрылтайшыларының бірі — Мәжілістің бұрынғы басшысы Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулин.
«Бұдан басқа депутат Тұрлыхановтың Ақмола облысында тіркелген жеке кәсіпкерлігі және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулауға лицензиясы бар. Жеке кәсіпкерлігінің жылдық кірісі шамамен 17,5 млн теңге», — деп жазылған басылым мәліметінде.
Тағы бір мәжілісмен, 39 жастағы Руслан Берденовтің есімі қазір аты дүркіреп тұрған Sandyq ұлттық мейрамханалар желісімен байланысты.
«Ашық дереккөздердің мәліметі бойынша, Берденов – Akniet Pharmaceuticals компаниясына иелік ететін бизнесмен Қайрат Итемгеновтың сыныптасы әрі топтасы. Бұл компанияға Europharma және Arzan Pharm дәріханалар желілері кіреді. Депутаттық мандат алғанға дейін ол осы желілерді басқарды», — деп жазылған басылым дерегінде.
Мәжілісмен Асқар Садықов туралы да қызық мәліметтер бар болып шықты.
«Желідегілер оның есімін Ақтөбедегі Royal Hotel қонақүйімен байланыстырады. Бизнесті оның жұбайы Калауша Садықова басқарады. 2017 жылы ресейлік әнші Андрей Григорьев-Апполонов («Иванушки International» тобының мүшесі) сол қонақүйде тұрып, қызмет деңгейін қатты сынады, жұмыс істемейтін розеткалар мен тоңазытқышқа наразылық білдірді. Жергілікті деңгейде дау туып, отбасы қала тұрғындары қонақүй мен Садықовтар отбасына шүйлікті. Сондай-ақ, мәжілісменге Ақтөбе облысындағы «Сауқайын» шаруа қожалығы тиесілі деседі», — деп жазылған деректе.