Қоғамдағы моральдық-этикалық нормаларды сақтау мақсатында осы бағыттағы заңнама қатаңдатылып, балағат сөз айтқандарға жаза күшейтілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге енгізілген өзгерістерге сәйкес, адамның ар-намысына тіл тигізу мен қоғамдық орында бейәдеп сөз айтқандарға үлкен көлемде айыппұл салу, тіпті қамауға алу жазасы қарастырылған.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, адамның ар-намысын ауызша, жазбаша немесе интернетте қорлағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл үшін 100 АЕК-ке (2025 жылы 393 200 теңге) дейін айыппұл, түзеу немесе 120 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар тағайындалуы мүмкін.
Қоғамдық жерде балағат сөз айтылса, бұл әрекет ұсақ бұзақылыққа жатқызылып, әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алыну жазасы бар. Мұндай бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса, айыпкер 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Өзгерістердің ең маңызды тұсы кәмелетке толмағандардың әдепсіз әрекеттеріне байланысты ата-аналардың жауапкершілігін күшейту.
Баланың жас ерекшелігіне байланысты жаза былай белгіленген:
-
12 жасқа дейінгі бала бейәдеп әрекет жасаса, ата-анасы 10–15 АЕК (39 320 – 58 980 теңге) көлемінде айыппұл төлейді (ҚР ӘҚБтК 127-бабы).
-
14–16 жас аралығындағы жасөспірім тәртіпсіздік жасаса, ата-анасы 7 АЕК (27 524 теңге) айыппұл төлейді (ҚР ӘҚБтК 435-бабы).
-
16–18 жас аралығындағы жасөспірімдердің өзіне жаза тағайындалады. Алайда табысы болмаған жағдайда ата-анасы 10 АЕК-ке дейін (39 320 теңге) айыппұл төлейді (ҚР ӘҚБтК 66-бабы).
Жаңа ережелер интернет арқылы жасалатын әдепсіз әрекеттерге де тікелей қатысты. Әлеуметтік желілерде қорлау мен буллинг жасағандар 200 АЕК-ке дейін (786 400 теңге) айыппұл төлейді.
Бұл өзгерістер қоғамда қызу талқы тудырып жатыр. Бір жағынан, мұндай қатаң шара қоғамдық ортадағы моральдық-этикалық нормаларды сақтауға ықпал етеді. Екінші жағынан, ата-аналар үшін қосымша жауапкершілік пен қаржылық жүктеме пайда болып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, құқық қорғау органдары әр істі мұқият зерделеуі тиіс. Дәлел ретінде куәгерлердің түсініктемелері, видео, аудио материалдар мен арнайы сараптамалар қолданылады. Осыған орай, азаматтар әлеуметтік ортадағы мінез-құлқына мұқият болуға міндетті.