Ақорда мен Ақ үй қырғиқабақ соғыс заманынан қалған сауда шектеуінен құтылуға жақын, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Орта Азия жаһандық геосаяси пазлдың маңызды бөлшегі болады» деген әулие Бжезинскийдің болжамы ақиқатқа айналуда.
Уашингтонға жұмыс сапарымен барған вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ Конгресі мүшелерімен кездесуде атышулы Джексон–Вэник түзетуін алып тастауды екі сағат бойы талқылаған екен.
Әзірге екі ел арасындағы сауда-саттыққа осы түзету ресми түрде кедергі келтіріп тұр. Жұманғарин аталған шектеуді жою процесін Конгресс тездетеді деген үмітте.
Министрдің айтуынша, Қазақстан америкалық инвесторлар үшін сенімді серіктес және бизнесті кеңейтуге ашық ел. Ол АҚШ Сауда палатасының өкілдерімен кездесуде екі ел арасындағы әріптестікті білім беру, цифрландыру және энергетика саласында тереңдетуді ұсынған.

Қазір Қазақстанда 30-ға жуық шетелдік университет бар, олардың екеуі әмерикалық оқу орындары.
Америкалық конгрессмендер бұл мәселеде Қазақстанға толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бұған дейін сенатор Джеймс Риш пен конгрессмен Роберт Адерхольт Джексон–Вэник түзетуін алып тастауды қолдайтындарын және екі ел арасындағы тұрақты сауда шарттарын орнату маңызды екенін айтқан еді.
Айта кетейік, қазіргі АҚШ мемлекеттік хатшысы, бұрынғы сенатор Марко Рубио аталған түзетуді «ескірген әрі абсурд» деп атаған болатын.
Ол Қазақстанның нарықтық экономика талаптарына сай екенін және ДСҰ сынағынан сәтті өткенін алға тартқан. Дегенмен Джексон–Вэник түзетуін түпкілікті алып тастау үшін АҚШ Конгресінің келісімі қажет.
Бұған дейін әйгілі Atlantic Council аналитика орталығы бізге қатысты терең талдау жасап, 78 млн тұрғыны бар аймақты Қытай мен Ресейдің талауына беріп қоймауды үндеген еді.
Құрамына Ақ үйге сөзі жүретін ықпалды саясаткерлер мен тісқаққан дипломаттар, танымал лоббистерді топтастырған орталық өткен 30 жылда АҚШ-тың бірде-бір президенті аймаққа ат басын бұрмағанын, Путин мен Сидің экспанциясы күшейіп жатқанын жіліктеп жазған.
«Қазақстанның геосаяси потеницалымен санасатын кез келді. Экономикадағы (біз айтқан soft power) әріптестік бұдан былай АҚШ-тағы министрлер кабинетінің деңгейінде қаралуы тиіс, оны жұмыс тобына ысыра салуды доғару қажет. Сәйкесінше, қаржыландыру көлемі ұлғаюы керек», — деген еді Atlantic Council.
Әміриканың халықаралық саясаттағы бағыт-бағдарына ықпал ететін The National Interest журналы да осы сарында сөйлеген еді. Басылым «аз уақыттан кейін Қазақстанда орыстың пенсионерлері ғана қалады…» деп болжап отыр.
Конгресс Жексон және Веник заңына termination (күшін жойса) жасаса, Қазақстанға ағылатын ақша мен инвестиция, тауар атаулы ондаған, жүздеген есе өседі. Ресейдің экономикалық экспанциясын тежейтін паритет пайда болады. АҚШ ел нарығына енсе, ескі Қазақстаннан қайтарылған ірі компаниялар америкалық кәсіпкерлердің иелігіне берілуі мүмкін.
Оның жалғыз жолы Жексон және Веник заңының күшін жою.