Түркістан облысы, Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатта оқитын балалардың ата-аналары әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы дабыл қағып, денсаулығы жарамсыз балалардың жаппай интернаттан шығарылып жатқанына шағымданған. Алайда облыстық Білім басқармасы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Басқарманың мәлімдеуінше, интернаттағы балаларды шығару туралы шешім қабылданбаған және мұндай мәселе күн тәртібінде мүлде қарастырылмаған.
«Түркістан облысының Білім басқармасы Леңгір қаласында орналасқан №2 арнайы мектеп-интернатында білім алатын балаларды мектептен шығару туралы тараған ақпараттың 100% жалған екенін хабарлайды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Ресми түсіндірмеде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабына сәйкес, ата-аналардың білім беру ұйымдарын және оқу нысандарын таңдауға толық құқығы бар екені ескертілген. Арнайы білім беру ұйымдарына ерекше білім беруді қажет ететін балалар ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру) мекемесінің қорытындысы негізінде ғана қабылданады.
Білім басқармасы ата-аналар тарапынан туындаған алаңдаушылыққа байланысты 2025 жылғы 5 мамырда мектеп ұжымымен және ата-аналармен арнайы кездесу өткізген. Кездесу барысында жағдайға байланысты толық ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«ПМПК қызметі кеңес беру сипатында. Бұл комиссия оқу орнын жабу немесе балаларды оқудан шығару туралы шешім қабылдамайды. Комиссия тек баланың даму деңгейіне сай кәсіби ұсынымдар береді», – дейді басқарма өкілдері.
Мекемеде білім алып жатқан балалардың барлығы оқуды жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сай жалғастыратыны айтылды. Сонымен қатар, мектеп-интернатты жабу немесе ғимаратты колледжге беру туралы ешқандай шешім қабылданбаған.
Басқарма өкілдері жалған ақпарат таратудың заңдық жауапкершілікке әкелетінін де ескертті.