2015 жыл. Елдегі теңгенің құлдырап, валюта бағамының құбылуы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген кез. Теңге 187-ден 377-ге бір-ақ құлап, халықтың жинаған қаржысы көз алдарында күйіп кетті.
Сол сәтте Ұлттық банктің ішінде жағдайдың қандай болғанын, кімдердің пайда тауып, кімдердің зардап шеккенін сол кездегі валюта интервенциясын басқарған экс-қызметкер ашып айтты деп жазады Ertenmedia.
«Мен сол кезде Ұлттық банкте істедім, валюталық интервенцияны басқардым. Ешқандай цензурасыз ашық айтайын», – деп бастайды автор.
Басты себеп сайлау алдындағы саяси имидж еді. Ақорданың маңындағы тұлғалар «ақша ештеңе емес, абырой бәрінен маңызды» деген ұстаныммен резервтегі миллиардтарды оңды-солды өртеді.
«Күн сайын кешкілік кабинетімде есеп жасаймын: теңгені ұстап тұру үшін нарыққа 100-500 миллион долларды құюға тура келетін. «Жоғарыдан» бұйрық келсе болды, орындаймыз. Сонда жоғары жақтағылар: «28 млрд доллар көп пе?» деп сұрады. Сол сәтте іштей «бұл дегенің Қырғызстан мен Грузияның жылдық бюджетінен де көп қой» деп ойлайтынмын», – дейді автор.
Ол бір жарым жылдың ішінде 28 миллиард доллар еш себепсіз өртелгенін айтады. Осы кезеңде кімнің не істегенін ашық жазады:
«Біреулер сайлауда дауыс жинауға асықты. Басқалары долларын ертерек сатып алып, елден активтерін шығарып үлгерді. Ал қарапайым халықтың басым бөлігі айырбастау пунктерінде теңгесін ауыстыра алмай, бос сөрелерге қарап отырды».
Автордың айтуынша, девальвация алдын ала жоспарланған.
«Девальвация кездейсоқ болмайды. «Керек адамдар» долларды ерте сатып алған кезде ғана теңге құлайды», – дейді ол.
2015 жылдың тамыз айында орын алған девальвация қарсаңында негізгі қаржылық-өнеркәсіптік топтар алдын ала долларды жинап үлгерген.
Әсіресе, квазимемлекеттік компаниялар Самұрық, БЖЗҚ, ҚазМұнайГаз сияқты құрылымдар бұл кезеңде «нағыз жабайылар секілді» әрекет етіп, долларды сатып алуға кіріскен.
«Шенеуніктердің басым бөлігі, әсіресе жоғарғы жаққа жақындары долларды ерте сатып алып, кейін оны бағамның шыңында сатты», – дейді автор.
Ол Ұлттық банк басшылығының және үкіметтің девальвация алдында халыққа «бәрі жақсы, ешқандай девальвация болмайды» деп жалған ақпарат бергенін есіне алады:
«2015 жылдың 19 тамызында Ерболат Досаев «девальвацияға еш себеп жоқ» деген. Ертеңіне-ақ теңге бағамы 187-ден 255-ке бір-ақ секірді. Кейін 377-ге жетті. Досаев та, Ланкастер де, бәрі білген».
Бұл жағдайдың тағы бір себебі Ресей тарапынан қысым еді. Мұнай бағасы құлаған кезде Ресей рубльді дереу еркін айналымға жіберіп, экономикасын аман сақтап қалды.
Ал Қазақстан билігі теңгені жасанды ұстап тұрды. Бұл жағдай ресейлік кәсіпкерлерге зиянын тигізіп, Мәскеу Қазақстанға ультиматум қойған:
«Ресей бізге шекараны жабамыз деп ашық айтты. Амалсыз теңгені бірден жіберуге тура келді. Ал біз сол уақытқа дейінгі 28 миллиард долларды босқа өртеп үлгердік. Сол ақша сол кезде жоғарғы жақтағы адамдардың контракті үшін қажет болған», – дейді автор.
Ұлттық банктегі сол кездегі жағдайдың абсурдқа жеткені сонша, арнайы аналитикалық команда жасаған «девальвациядан кейінгі бағам 230-240 теңге болады» деген екі том зерттеудің бәрі босқа кетеді. Себебі жоғарыдағыларға бағамның 350 болғаны тиімді еді.
Автор сол кездегі бір ірі жиынды еске алады:
«Девальвацияға екі апта қалғанда барлық ықпалды адамдар жиналды. Мені аналитикалық есеппен шақырды. Бір сағат есеп бердім, талдадым, ешкім тыңдамады. Барлығының әңгімесі өздерінің контракттары, кім ұтып, кім ұтылатыны. Халықтың жайы бір адамның да ойында болған жоқ. Кейін білдім, сол жиыннан кейін жоғары жақтың қауіпсіздігін күшейту туралы бұйрық түсіпті».
Осы кездесуден кейін бес ірі банктің басшыларын шақырып, оларға девальвация кезінде «кімді құтқару керек, кімді құрбан ету керек» деген мәселелер шешілген.
Бұл оқиға, автордың айтуынша, қазақстандық кландық жүйенің бір көрінісі ғана. Экспорттаушылар, мұнайшылар, олигархтар доллармен табыс тауып, теңгемен шығын шығаратын болғандықтан, оларға теңгенің әлсірегені қолайлы. Ал халық тек бұл сценарийдің құрбаны болып қала бермек.
Автор материал соңында жастарға үндеу тастайды:
«Бұл кландық жүйе өзгермейінше, теңге де тұрақталмайды. Қазір менің мақсатым – жастарға дұрыс қаржылық білім беру. Бәлкім солар осы жағдайды өзгертер. Менің атымнан болашаққа қосқан үлесім осы».
Материал анонимді автордың, бұрынғы Ұлттық банк қызметкерінің ашық жазған әңгімесінің негізінде әзірленді.