Қазақстан мен Финляндия су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Астанада Финляндия Президенті Александр Стуббтың ресми сапары аясында екі елдің салалық министрліктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында жасалды. Негізгі мақсат – су ресурстарын тиімді басқару, инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу бағытында бірлескен жұмыс жүргізу.
Меморандум аясында тараптар су үнемдеу, өндірістік суды тазарту және қайта пайдалану, цифрлық мониторинг жүйелерін енгізу, деректер жинау және талдау бағытында тәжірибе алмасады. Сонымен қатар су тасқыны мен құрғақшылық тәуекелдерін басқару мәселелері де қамтылған.
Құжатта ғылыми-зерттеу жұмыстары мен кадр даярлау мәселесіне ерекше мән берілген. Әсіресе жерасты сулары мен су дипломатиясы бағытында мамандар даярлау қарастырылып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл келісімнің маңызын атап өтті.
«Бұл меморандум инновациялық шешімдерді енгізуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Қазақстанда су шаруашылығын жаңғырту бағытында ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Финляндияның тәжірибесі біз үшін құнды», – деді министр.
Финляндия әлемде су ресурстарын тиімді басқару және экологиялық тұрақтылықты сақтау бойынша озық тәжірибесімен танымал. Сондықтан бұл серіктестік Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие.
Жалпы, қол қойылған құжат екі ел арасындағы ғылыми-техникалық байланыстарды күшейтіп, су ресурстарын басқаруда заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







