Ақтөбе облысының прокуратурасы өңірдің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Темір ауданының Қопа ауылындағы мектеп оқушысының абайсызда өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру дерегі бойынша қылмыстық істі жолдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл істі облыстық Полиция департаменті тергеген. Тергеу барысында 2024 жылы 2 қыркүйекте Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын «тәрбиелік мақсатта» ұрып-соққаны анықталған.
«Салдарынан кәмелетке толмаған Н.Сыдық ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды. Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуі ҚК 106-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) сотқа берілді, ал қалған бесеуі ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны (Қылмысты ұйымдастыру, ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылып жатыр», — деп жазылған мәліметте.
Еске салайық, былтыр 2 қыркүйекте Темір ауданының Қопа ауылында кәмелетке толмағандар арасында жанжал шығып, салдарынан тоғызыншы сынып оқушысы Нұржан Сыдық қаза тапты.
Бұл істі тергеуді Бас прокурор Берік Асылов жеке бақылауына алды.