Жетісу облысы Сарқан қаласының маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде майлы зығыр өсіріле бастады. Егіс науқанының барысымен жұмыс сапары аясында ауданға барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысты,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Ғалым» шаруа қожалығында биыл 100 га майлы зығыр егілді. Дәнді жүгері, соя, арпа, бидай өсіруге бейімделген бұл шаруашылық осы дақылды биыл алғаш рет сеуіп отыр.
— Зығырдың агротехникасын, тұқым нарығын зерттей отырып, біз «орташа Лирина» сортын отырғыздық. Бұл өте өнімді, құрамында майы көп сорт. Әр гектарынан 20-25 ц аламыз, ал майдың мөлшері кемінде 50% болады деп күтіп отырмыз. Аймақ аумағында майлы дақылдарды қайта өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар екенін ескерсек, шикізатты өткізуде қиындық туындамайды деп ойлаймыз. Алдын ала келісімдер жасасып та қойдық. Сонымен қатар зығыр дәнді дақылдардың ауыспалы егісіне де пайдалы, — деп атап өтті ШҚ басшысы Ғалым Рахметқалиев.
Ауданның Алмалы ауылындағы «Жұмағали» шаруа қожалығының егістіктерінде де көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаруашылықта егістік те, мал өсіру де қолға алынған. Мұнда 537 бас ірі қара, 600 бас ұсақ мал және 630 жылқы өсіріліп отыр.
— Биыл біз жаздық арпа, күнбағыс және бірінші рет қант қызылшасын септік. Әзірге қызылшаны 38 гектардан бастап отырмыз. Келесі жылы ұлғайту жоспарымызда бар, өйткені бұл табысты дақыл, әрі осы дақылды өсірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Конвиза Смарт» жоғары өнімді тұқымын сеуіп жатырмыз. Шаруашылығымызда қажетті ауыл шаруашылығы техникасы бар, дегенмен өткен жылы ауданда сервистік-дайындау орталығына арнап сатып алынған заманауи техника бізге үлкен көмек болды, осы техникалардың қызметтерін пайдаланып отырмыз. Мысалы, пневматикалық сепкіштің артықшылығы сол, автопилоты болғандықтан оның жылдамдығы жақсы, онымен күндіз де, түнде де жұмыс істей аласыз. Осы техниканың көмегімен бір күнде 30 га жер егуге болады, — дейді ШҚ басшысы Егемен Жұмағали.
Осы орайда Бейбіт Исабаев Жетісу облысында өндірілетін ауыл шаруашылығы шикізатының 65%-ы өңірде қайта өңделетінін, соның ішінде қант өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
— Мысалы, өткен жылы облыстың 5 ауданында 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылды, соның арқасында 30 шаруа қожалығы қант қызылшасын өндіруге қажетті жалпы сомасы 2,5 млрд.теңгеге 62 бірлік техника сатып алуға мүмкіндік алды. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін, өнімділікті арттыру үшін озық технологияларды меңгеру керек. Бұған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы да үлкен ықпал етеді, — деді облыс әкімі.
Өткен жылы Сарқан ауданында 3 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылды, оларға 4 сепкіш, 3 қызылша комбайны және 3 пәлек жинайтын машинасы сатып алынды. Қазір ауданда 6 СДО жұмыс істейді, онда 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Ауданда қант қызылшасын өсірудің агротехнологиясы дамығанын ескерсек, өткен жылы тәтті түбір алаңы 2 есеге ұлғайтылды, ал биыл тағы 900 гектарға артады. Осылайша, Сарқан ауданында бұл дақылдың алқабы 3,8 мың гектар болмақ.
Жалпы осы жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 45 млрд.теңге бөлінді, оның 27 млрд. теңгесі немесе 59% – субсидия.