Астанада басталған Astana Think Tank Forum 2025 халықаралық алаңы қазіргі әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі – сенім дағдарысын талқылауға бағытталды. «Поляризациядан серіктестікке» тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Жаһандық жүйе өзгеріп жатыр, ал жаңа тепе-теңдік әлі қалыптасқан жоқ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форумға әлемнің 20 елінен сарапшылар, жетекші зерттеу орталықтарының басшылары, халықаралық ұйым өкілдері жиналды. Бұл алаң бір жылдың ішінде декларативті пікірталастан нақты ұсыныстар әзірлейтін беделді сараптамалық платформаға айналып үлгерді.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде қазіргі әлемнің күрделі құрылымын ашық сипаттады. Оның айтуынша, бүгінгі күн тәртібі бір ғана тақырыппен шектелмейді. Геосаяси бәсеке, ядролық қауіп, жасанды интеллект, климат, су ресурстары мен демография – бәрі өзара тығыз байланысты.
«Қазақстан сенім – бейбітшіліктің іргетасы деп санайды. Ал диалог – белгісіздік жағдайында ең сенімді құрал», – деді ол.
Форумды ашқан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов негізгі мәселені нақты қойды. Әңгіме тек пікір алмасу емес, нақты шешім табу туралы.
«Біз декларациялар деңгейінде қалмай, практикалық ұсыныстарға көшуіміз керек. Сараптама орталықтары – білім мен шешім қабылдаудың арасындағы көпір», – деді ол.
Алғашқы сессия жаһандық басқару жүйесінің өзгеруіне арналды. Қатысушылардың ортақ пікірі – қазіргі халықаралық институттар жаңа шындыққа толық бейімделе алмай отыр. БҰҰ жүйесі өткен ғасырдың логикасымен құрылған, ал бүгінгі әлем мүлде басқа.
Орта державалар негізгі ойыншы
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев осы жағдайда «орта державалардың» рөлі күшейіп жатқанын атап өтті.
«Бүгін тұрақтылықты сақтау тек ірі державалардың міндеті емес. Орта державалар диалог алаңын ұсынып, теңгерім орнататын негізгі ойыншыларға айналып келеді», – деді ол.
Бұл пікірді халықаралық сарапшылар да қолдады. Иран өкілі Саид Хатибзаде тұрақты бейбітшілік тек халықаралық құқықты қатаң сақтау арқылы мүмкін екенін айтты. Ал Оксфорд университетінің сарапшысы Джошуа Линкольн қазіргі институттардың жаңа технологиялық және әлеуметтік шындыққа сай келмейтінін атап өтті.
Қытайлық сарапшы Ли Юнчуань әлемнің бірполярлық жүйеден көпполярлыққа өтуі күрделі әрі қайшылыққа толы процесс екенін айтты. Бірақ оның пікірінше, жаңа әлемнің негізгі тірегі – ынтымақтастық болуы тиіс.
Borderless Consulting Group басшысы Чарльз Маклин болса, дәл осы кезеңде орта державалардың мүмкіндігі артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан сияқты елдер тек бақылаушы емес, жаңа халықаралық тәртіптің белсенді қатысушысына айналып келеді.
Форум аясында алдағы екі күнде тоғыз тақырыптық сессия өтеді. Онда қауіпсіздік архитектурасының өзгеруі, ядролық қарусыздану, инвестиция, сауда дәліздері, жасанды интеллект және климат мәселелері талқыланады.
Astana Think Tank Forum – жай пікірталас алаңы емес. Бұл – жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатқан кезеңде жауап іздейтін платформа. Қазақстан осы процесте өзін диалогқа ашық, жауапкершілігі жоғары және сенімді серіктес ретінде көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







