Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі өзекті болып тұр. Мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар қолға алынуда. Солардың бірі «111» ұлттық сенім телефоны. Бұл қызмет балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету мақсатында құрылды. Осы ретте Ertenmedia.kz ақпараттық агенттігі осы сенім телефоны жайында оқырман қауымға кеңінен мәлімет бере кетуді жөн санап отыр.
«111» сенім телефоны 2017-2018 жылдары Қазақстандағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен іске қосылды. Бастапқыда бұл қызмет қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында болып, артында 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ауыстырылған-ды. Ал 2020 жылдан бастап «AMANAT» партиясының қамқорлығымен жұмыс істей бастады. 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл қызметті үйлестіру міндеті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүктелгенін білеміз.
«111» сенім телефоны тәулік бойы, демалыссыз және үзіліссіз жұмыс істейді. Қоңырауларды қабылдау, аудио және мәтіндік диалогтар жүргізу, өтініштерді тіркеу және өңдеу CRM жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
2024 жылы «111» сенім телефонына балалар тарапынан 17 000 қоңырау түскен. Сондай-ақ, 2025 жылдың ақпан айында 25 000 бала анонимді түрде психологиялық көмек сұрап, хабарласқан. Жалпы, 2024 жылы 250 000 адам, оның ішінде балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетілгенін айта кетуіміз керек.
Десек те «111» сенім телефоны туралы халықтың хабардарлығы әлі де төмен деңгейде. Бұл қызметтің жарнамасы жеткіліксіз, сондықтан көптеген балалар мен ата-аналар оның бар екенін білмейді. Қызметтің интерфейсі мен контенті балаларға ыңғайлы тілде ұсынылуы қажет деп санаймыз. Мысалы, QR-код арқылы мектеп оқушылары анонимді түрде хабарлама жіберу мүмкіндігіне ие болды.
Суицидтің алдын алу үшін мемлекет тарапынан қабылданған шаралар оң нәтиже беруде. Алайда, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қоғамның барлық мүшесі – ата-аналар, мұғалімдер, психологтар және мемлекеттік органдар бірлесіп, синхронды жұмыс істеуі қажет. Балалардың психологиялық денсаулығын сақтау – ұлт болашағының кепілі.
Қазіргі таңда сенім телефоны хабарласқан бала мен ата-анаға тәулік бойы психологиялық көмек беруде. Бірақ бұл телефон желісі барлық бала үшін таныс емес. Жарнама жеткіліксіз, сенімділік деңгейі төмен. Еркін әрі жасырын хабарласуға мүмкіндік беру үшін бұл жүйенің интерфейсі, контенті балаларға ыңғайлы тілмен жасаған жөн.