Жер асты байлығы кез келген елдің болашағы. Украина мұны жақсы біледі. Соғыс алдында да, соғыс кезінде де бұл байлық талайлардың көз құртына айналған-ды. Донбасс үшін күресте тек тіл мен тарих емес, көмір мен металл, уран мен литий де басты рөл атқарған анық.
Украиана соғыс басталғалы «ресурстық отарға» айналып кетеміз бе деген қауіптенгені белгілі. Әсіресе Трамптың саяси риторикасы бұл үрейге май құя түскендей болған. Ол «Украинаға берілген қару мен көмек кейін мемлекеттік қарыз ретінде қайтарылсын» деп талап қойып, стратегиялық кәсіпорындарды ортақ меншікке айналдырып, АҚШ-тың инвестицияны «салмағы ауыр қару» ретінде қолданғысы келді. Бірақ Киев бұған жол берген жоқ.
Енді келісім бойынша, АҚШ пен Украина тең үлеспен – 50/50 қағидасымен жаңа инвестициялық қор құрады. Бұл қор – Украинаның жер асты байлығы мен стратегиялық инфрақұрылымын игеретін болады. Бірақ басты ерекшелігі – бұл қор жаңа лицензиялар негізінде жұмыс істейді. Яғни, бар ресурсты бөлісу емес, болашақты бірге құру.
Кейбіреулер бұны «сыртқы бақылау» деп бағалауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде, Украина бұрынғы кеңестік республикалар арасынан алғаш болып ресурс басқаруда ұлттық үстемдігін сақтап отырып, шетелдік инвестормен тең әріптестік құруға қол жеткізді. Бұл – Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері үшін үйренуге тұрарлық үлгі.
Келісімдегі тағы бір маңызды тұс – Украинаның инфрақұрылымдары, порттары, теміржол желілері, телекоммуникация жүйелері ұлттық меншікте қалады. Яғни, стратегиялық активтер сыртқы инвесторға сатылмайды, тек бірлескен жобалар аясында пайдаланылады.
Трамптың бұған дейінгі риторикасын ескерсек, бұл – оның саяси ұстанымынан тікелей кері шешім. Ол өзіне тән іскерлік стильмен Украинамен келіссөз жүргізуді «жекеменшік мәмілеге» айналдырғысы келген болатын. Бірақ бұл жолы украин дипломаттары да батыл шешімдерге барды.
Ең бастысы – Ресейдің Украинаға қарсы соғысы бұл келісімде ресми түрде «агрессия» деп аталды. Бұл тұжырым кейінгі сот процестері мен халықаралық келіссөздер үшін аса маңызды құқықтық негіз қалайды.
Жаңа қордан түсетін пайдаға қатысты тағы бір тиімділік – қаржыландыру Украина үшін борышқа айналмайды. АҚШ әскери көмегінің қаржылық жүктемесі украин халқының мойнына артылмайды. Бұл – тек экономикалық жеңілдік емес, бұл – ұлттық қадір-қасиетті сақтау. Украина ешкімнің вассалы емес екенін тағы бір дәлелдеді.
Бүгінде әлем жаһандық ресурстар үшін күрестің жаңа дәуіріне аяқ басып отыр. Литий, кобальт, графит – енді тек геологтардың зерттеу нысаны емес, олар – геосаяси құрал. Украинада осы ресурстар бар. Ал енді оларды қалай пайдалануға болатыны – әлемге үлгі боларлық дипломатиялық үлгімен бекітіп, көрсетті.
Сондай-ақ бұл келісімнің маңызы – Украинаның келешек ұрпағы үшін ұлттық байлықтың кімге тиесілі болатынын анықтап берді. Бұрынғыдай Кремльге жағымпаздықпен қабылданған шикі шарттар бұл жолы орын алған жоқ. Жер асты байлығы – халықтікі.
Әрине, бұл келісімнің барлық пункті мінсіз емес. Тәуекел де бар, сын да болары анық. Бірақ келісім мәтініне қарап, украин дипломатиясының мұндай теңгерімді келісімді қандай қысымда жүріп жасап шыққанына таңғалмасқа болмайды. Бұл тек сыртқы саясаттың емес, ішкі саяси тұрақтылықтың да жемісі.
Жаңа келісімге сәйкес қираған шахталар мен бомбаның ізі қалған кен орындарын жаңа технологиямен жандандырудың жолы. Бұл – ұлттық егемендікті экономикалық қуатпен бекітудің үлгісі.