Түркістан облысы әкімдігі жанынан құрылған ғылыми кеңестің жұмысы енді жаңа қарқынмен жалғасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәселе облыс әкімінің орынбасары әрі ғылыми кеңес төрағасы Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста талқыланды. Жиынға салалық басқарма басшылары, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, өңірдің жас ғалымдары мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері қатысты.
Отырыста облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми қолдау көрсету, инновациялық идеяларды өңір қажетіне бейімдеу, жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми орта арасындағы байланысты күшейту мәселесі қаралды. Бейсенбай Тәжібаев ғылыми кеңестің жұмысын жандандыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Сондай-ақ жаңа бастамаларға ашық екенін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдің дамуы ғылыми ізденіс пен зияткерлік шешімге де тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ғылыми кеңесті жаңа форматта дамытып, нақты нәтиже беретін алаңға айналдыру қажет. Білікті мамандардың ұсынысы мен тың бастамасына қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты.
Өңірде ғылымды дамытудың басым бағыттары ретінде экология, қоршаған орта, табиғатты ұтымды пайдалану және агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту белгіленген. Оған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарында» айқындалған жаңа бағыттарды енгізу жұмысы жүріп жатыр. Соның ішінде өмір және денсаулық туралы ғылым саласына да назар аударылған.
Жиында Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары өңірді дамытуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Еске сала кетейік, облыс әкімдігі жанындағы ғылыми кеңес былтыр құрылған еді. Қазір оның құрамына өзгеріс енгізіліп, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған басым ғылыми бағыттар нақтыланып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







