Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында автоклавты қатайтатын газбетонды блоктар шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Бұл кәсіпорын кірпіштің осы түрлерін өндіретін өңірдегі алғашқы кәсіпорын саналады. Зауыттың жылдық қуаты жылына 150 мың текше метр. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа зауытқа 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылды,— деп хабарлайды Ertenmedia
– Жетісу облысы құрылғаннан бері үш жыл ішінде өнеркәсіптік өндірістің жылдық көлемі 16,8% өсіммен 347 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдар ішінде өнеркәсіпте жалпы сомасы 85 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылды. Олардың ішінде жел және су электр станциялары, өнеркәсіптік аккумуляторлар мен күн панельдерін шығаратын зауыттар бар. Жалпы Жетісу — құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан өңірлердің бірі. Облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жаппай салынып, инженерлік коммуникациялар жүргізілуде. Жаңа зауыттың іске қосылуы құрылыс саласын жергілікті материалдармен қамтамасыз етіп, өңірдің құрылыс индустриясын дамытуға және шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайтуға ықпал ететін болады, — деді жиналғандарды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.
«Стальбетон» ЖШС директоры Қалқабай Мұсанов зауыт ұжымын құттықтап, жаңа өндірісті іске қосуға қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.
Іске қосу салтанатынан кейін ресми қонақтар кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысты. Атап өтсек, кәсіпорын «Талдықорған» индустриялық аймағының аумағында орналасқан.
Зауыттың өндірістік директоры Дәурен Нұрәлінің айтуынша, бұл аймақтағы осындай алғашқы зауыт, өйткені облыста кірпіштің бұл түрлерін өндіретін кәсіпорындар әзірге жоқ.
— Біздің зауытта өндірілген автоклавты қатайтылған газдалған бетон кірпіштер тиісті нормалар мен стандарттарға сәйкес жасалады. Кірпіштер Қытай технологиясы бойынша шығарылады, жергілікті мамандар заманауи жабдықта жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтті. Кірпіштің бұл түрінің басты ерекшелігі — олар қыста жылуды өте жақсы сақтайды, ал жазда бөлмені салқын күйінде ұстап тұра алады. Сондықтан олар негізінен көп қабатты үйлер мен жалпы тұрғын үйлер салуда пайдаланылады. Өндірісте жергілікті шикізат қолданылады. Біздің өніміміз ең алдымен Жетісу облысында және көрші Алматы облысында саудаланатын болады, — деді Д. Нұралы.
Кәсіпорында қазір 50 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда түрлі саладағы жергілікті мамандар жұмысқа орналастырылды. Зауыттың тегін жатақханасы бар, сондай-ақ қызметкерлер күніне үш рет ыстық тамақпен қамтылады. Жұмысқа орналастырылған мамандар арасында Ақсу ауданынан келген жас отбасы да бар.
— Зауытқа бірінші болып өзім, содан кейін жұбайым жұмысқа тұрды. Менің мамандығым – тәрбиеші, күйеуім – ІТ саласының маманы. Отасқанымызға 8 жыл болды, үш баламыз бар. Зауытта арнайы дайындықтан өттім, қазір табысты жұмыс істеп келемін. Біз отбасымызбен зауыттың жатақханасында тегін тұрамыз, жатақханада тұрмысқа қажетті жағдайлардың бәрі бар. Жұмыс кестесі жас отбасымыз үшін қолайлы, жалақымыз тұрақты, — деп ой бөлісті Минар Дүйсебек.
Жалпы Жетісу облысының өнеркәсіптік әлеуетін 500-ден астам кәсіпорын танытып отыр, осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңірдегі өнеркәсіптің басым бөлігі тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ машина жасау бағытында жұмыс істейді. Сонымен бірге жеңіл, химия, металлургия салалары дамуда. Бұл ретте 2027 жылға дейін өнеркәсіп саласында 1,7 трлн. теңге сомасына тағы 34 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.