Олигарх Патох Шодиев Парижде тұрып, Мәскеуден кредит алып, Алматыдан пайда көріп жүрген адам екенін жұрт жақсы біледі. Ол Қазақстанды инвестициялық хостел секілді пайдаланып, сүлікше сорғанына талай жыл болды. Енді, сырттан отырып «Еуразиялық қаржы компаниясына» қарсы сот процесін бастап жіберді. Себеп дивиденд азайып, аппетит өсе түскен.
Біз айтып жүрген адам жай бизнесмен емес. Ол – Ескі Қазақстанның символы. Қайта бөлініс, жекешелендіру, «топ-топ» схемалар, шетелдік офшорлар – бәрі де Шодиевтің биографиясынан кезіктіруге болады.
Қызығы сол, енді ол Қазақстандағы ең ірі жекеменшік корпорация – ERG-нің ішкі жұмысына килігіп, директорлар кеңесінің шешімдерін жоққа шығарғысы келеді. Өйткені бұл шешімдер Патох-аканың қалтасына емес, жұмысшының жалақысына бағытталған.
Шодиевтің жүйке тамырын шекесіне дейін созып жіберген нәрсе – соңғы екі жылда ERG активтеріне 800 миллион доллар инвестиция құйылғаны. Оның басым бөлігі – Павлодар мен Қарағанды облыстарындағы кен-металлургия кешендерін жаңғыртуға жұмсалғанын білеміз. Яғни, алғаш рет мемлекет қол сұқпаған жекеменшік құрылым өз бетінше өндірісті модернизациялауға шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімнің «побочный эффекті» – дивидендтер азайып, пайданы олигархтар емес, кәдімгі пеш жанында жұмыс істейтін адамдар көре бастады.
ERG-дегі модернизацияның басты мәні – жүйені қайта құрылымдау, «қалтаны» емес, цехты ойлау, «дивидендті» емес, қауіпсіздік пен сапаны арттыру. Ал бұл әрекет Шодиевке мүлде ұнамайды. Оған мұндай әділетті модель емес, бұрынғы «барынша алып, мүмкіндігінше қарпып қалау» cash-out форматы ыңғайлы.
Ол тек дивиденд емес, активтердің бір бөлігін перифериялық нысандарға жатқызып, сатып жіберуді ойлап жүр. Бірақ сол «тиімсіз» деп отырған активтер – жергілікті халықтың жалғыз табыс көзі, аймақ экономикасының тірегі, жұмыссыздықпен күрестегі жалғыз құрал. Ал Патох-ака үшін бұл тек нөлдер мен пайыздар ғана болып тұр.
Сұрақ туындайды: «Шодиев кімге жұмыс істеп жүр?» халыққа ма, әлде Мәскеудің банктеріне ме?
Айтпақшы, Шодиев мырзаның «еңбегінің» бір нәтижесі ретінде ERG-нің Ресейден алған 7 миллиард долларлық несиесін атап өтуге болады. Бұл кредиттер ешқандай нақты кепілмен қамтамасыз етілмеген. Яғни, тәуекел – компанияда, пайда – акционерде.
ВТБ, Сбербанк секілді санкцияға ұшыраған банктермен байланыс орнату арқылы ERG-нің қазіргі стратегиялық бағытына да қауіп төндіруде. Себебі корпоративтік жанжал өршісе, бұл банктер ақшасын қайтару үшін бүкіл топтың активтерін бұғаттап тастауы мүмкін.
Сонда кім ұтылады? Әлбетте – жұмысшы. Себебі Шодиев ештеңе жоғалтпайды, ол онсыз да Лондон мен Женевада жүр. Жоғалатын – Қазақстандағы өндіріс, жұмыс орны, экономикалық тұрақтылық.
Бір қызығы, мемлекет бұл процесс бойынша үнсіз отыр. Ал, шын мәнінде, мемлекеттің моральдық әрі құқықтық реакциясы болуы тиіс. Мысалы, Үкімет Шодиевке мына сұрақты қоюға толық құқылы.
«Сіздің жиенеңіз Орифджан Шодиев «Казкоммерцбанкке» 16 миллиард теңге шығын келтіргені үшін шартты жаза алды. Сол ақшаны қайтартпағаныңыз рас па?». Бұл сұрақтың жауабы – тек мораль емес, экономикалық әділет үшін де маңызды. Егер мемлекет олигархтардың осындай араласуына көз жұмып қараса, онда өндірісті жаңғырту дегеннің өзі – жай ғана бос сөзге айналады.
Қазір мәселе тек корпоративтік басқаруда емес, ұлттық мүддені кім қорғайды – соның айқындалуында. Бір жағында – модернизация, әлеуметтік жауапкершілік, жаңа экономикалық мәдениет. Екінші жағында – ескі капиталдың құлқыны, дивиденд қуған, елден кеткен, бірақ елден әлі де пайда көргісі келетін көлеңкедегі фигуралар.
Шодиев – Қазақстанда емес, бірақ Қазақстанды әлі де жеке дүние-мүлкіндей көреді. Жұмысшыларды емес, акционерлерді қорғайды. Ертең ел ішінде тағы бір өндірістік апат болса – ол Парижде отырып тағы да үнсіз қалатыны анық. Ал модернизация – дәл сол апаттардың алдын алу үшін жасалып жатыр емес пе?
Егер жеке бизнес өкілдері елдегі өндірістің тағдырына немқұрайлы қараса, мемлекет ондайлармен қош айтысуға тиіс. Бүгінгі Шодиевтің әрекеті – ұлттық қауіпсіздік емес, корпоративтік эгоизмнің үлгісі. Ондай адамдардан бізге реформашыл жұмысшылар да, әділет іздеген жастар да артық.
Сөз соңында бір ұсыныс, егер Патох-ака өзіне тиесілі активтерді шын мәнінде уайымдап отырса – келсін, Қарағандыға барып жұмысшылармен жүздессін. Пештің жанында тұрып көріп, зауытта бір күнін өткізсін. Әйтпесе сырттан отырып елдің тағдырын шешу – патриотизм емес, паразитизм.
Нұрлан ЖҰМАХАН