ForteBank қазақ тіліне қатысты тағы бір дауға ұрынды. Threads-тегі қазақтілді қауым банктің өткен қателіктерден сабақ алмағанын еске салып жатыр, деп жазады Ertenmedia.
Оқиға Батыр Кәмел есімді азаматтың банкке жұмысқа орналасу мақсатымен жазған хабарламасынан басталған. Forte-нің уатсаптағы бизнес-аккаунты арқылы банк операторымен тілдескен ол әңгімені қазақша өрбітуге ниет танытқан. Алайда банк өкілі бірден: «Қазақ тілін білмеймін, орыс тіліне көше аламыз ба» деген сауал қойған.
«Орыс тілін жақсы білемін, бірақ қазақша сөйлескен ыңғайлы» деген Батыр Кәмелдің жауабына банк қызметкері: «У нас важно знание русского языка на продвинутом уровне» деп шарт қойыпты. Әрі қарайғы әңгіме тіл төңірегіндегі дискуссияға ұласып, жұмыс мәселесі екінші ретке сырғыған.
«Орыс тілін бала күнімнен еркін меңгергенмін. Оқып-тоқыған ортам да орыстілді болды. Бірақ күнделікті өмірде қазақша сөйлесуге тырысамын. Бұл ма, бұл менің жеке ұстанымым» деген автордың жауабынан кейін банк қызметкері әрі қарайғы диалогты жалғастырудан бас тартқан.

«Сонда Forte қызметкерлері мемлекеттік тілді білмейді ме?» деген Батырдың сауалына әлгі маман: «мен адамдармен әдеп пен шекараны сақтай отырып сөйлесе білемін» деп әңгіме ауанын басқа бағытқа бұрған екен.
Threads-тегі қауым күніге ондаған, жүздеген адаммен тілдесетін банк қызметкерінің әрекетін қазақ тіліне деген құрметсіздік ретінде бағалауда. Көпшілік банк басшылығының өткен қателіктерден сабақ алмағанын еске салып жатыр.
«Қазақстандағы ірі қаржы ұйымында мем.тілді білмейтін мамандар қалай жұмыс істейді? Колл орталықта әдетте екі тілді де жетік меңгерген менеджерлер отыруы тиіс емес пе? Банк осы арқылы күллі қазақтілді аудиторияның ар-намысына тиіп отыр», — дейді желідегі қауым.

ForteBank әзірге бұл мәселеге қатысты ресми пікір білдірмеді. Ertenmedia осы жайтты баян еткен Батыр Кәмелмен тілдесіп, қосымша ақпарат алуға тырысты.
Желі қолданушысының айтуынша, Тредстегі даулы посттан кейін банк дереу байланысқа шығып, аталған маманның жүмыстан шығарылғанын хабарлапты.
Forte-нің мұндай дауға ұрынып отырғаны алғаш рет емес. Былтыр банк бос жұмыс орнына конкурс жариялаған, онда «қазақ тілін білу маңызды емес деген тармақтың» болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Банктің сол тұстағы төрағасы Бекжан Пірматов қателік жібергенін мойындап, көпшіліктен кешірім сұраған еді.

