Абай облысының әкімі Берік Уәлидің маңызды қызметке тағайындалғанына 3 ай толды. Аталған мерзім ішінде өңір басшысы өңірдегі бірқатар елді-мекендерді аралап, ой қорытындылады. Бүгінде өңірдің жағдайымен толық таныспай жатып, шаруа шешу мүмкін емес. Үш айлық есеп беру жиналысында Берік Уәли мырза Абай облысындағы 68 ауылды аралап, ондағы қарапайым халықпен тілдескенін алға тартты.
– Мен тағайындалған күннен бастап барлық аудан, қалалардың 68 елді мекенін, оның ішінде 16 шалғай ауылдарын араладым. Сондай-ақ, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдарында болып, тұрғындардың тыныс тіршілігімен, ірі кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының жұмысымен және олардың өзекті мәселелерімен жақын таныстым. Өңірдің нақты жағдайы туралы Президентке баяндадым, – деді Берік Уәли.
Сөз жоқ, Берік Уәли Президентке жақын тұлға. Оның медиа саласындағы ұзақ жылдық тәжірибесі мен мемлекеттік идеологияны жеткізу машығы – өңірді басқаруда оған ерекше күш береді. Абай облысына келісімен-ақ, ол бұрынғы форматтағы кабинеттік басқарудан гөрі, жергілікті халықпен тікелей сөйлесуді таңдады. Әкімнің «68 елді мекенді араладым» дегенінен өңірдегі мемлекеттік басқаруды жаңа талаппен мобилизациялағанын аңғарғандай болдық. Енді Абай облысы әкімі елдің ішкі жүйесін шынайы көзбен көріп, басқаратын болады.
Шар қаласы, Баршатас, Таскескен, Қайнар сияқты бұрын аудан орталығы болған елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігі – облыстың нағыз «перифериялық болмысы» еді. Бұл ауылдарда инфрақұрылым әлсіз, кәсіпкерлік баяу, ал жастардың көші үдей түсуде. Мұндай шеткері елді мекендерді аралау – символикалық акт. Бұдан облысты басқару тек қалада емес, жүйе ауылдан басталуы керек деген Берік Уәли мырзаның ұстаным байқадық.
Осы ретте Берік Уәлидің Президентке есеп беруі де стандартты хаттама емес. Бұл – орталық пен өңір арасындағы вертикальды емес, горизонтальды диалог құрудағы талпыныс. Яғни, жергілікті билік нақты ахуалды жоғары билікке жеткізу арқылы аймақтық шындықты саяси шешім қабылдау процесіне енгізуге тырысуда.
Алайда, әкімнің ел аралауын PR-акция ретінде қабылдауға болмайды. Оның мәнін – посткеңестік аймақтық басқарудың ішінде қалған құрылымдық дағдарысты сезінуден кейін туындаған әрекет деп қабылдаған жөн. Әйтпесе облыс әкімі PR-акцияға сусап отырған адам емес. Қазіргі таңда облыс әкімдерінің рөлі – тек бақылаушы емес, шеңбері тарылған, бірақ жауапкершілігі артқан басқарушыға айналды.
Абай облысы ұлттың тарихи-мәдени өзегіне айналған өлке. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған топырақ. Демек, бұл аймаққа әкім болуда Президент Берік Уәлиге тек әкімшілік-шаруашылық міндетті ғана емес, мемлекеттік идеологияны көтеру миссиясын да жүктегенін білеміз. Мемлекет басшысы әкімдерге талап қойғанда халықпен ашық жұмыс істеу, дер кезінде шешім қабылдау, бастамашыл болуды ұдайы талап етеді. Бұл тұрғыдан алғанда Абай облысының әкімі осы талаптардың үдесінен шықты деп есептейміз.
Берік Уәлидің үш айлық есебі символикалық қадам. Бірақ бұл қадамнан кейін нақты жобалар, қаржы тарту, инфрақұрылымдық қайта құру, кадрлық өзгерістер мен әлеуметтік өзгерістер қызу қарқынмен жалғасатыны анық. Өңір басшысы бүгінгі халықпен кездесуінде 2028 жылға дейін облыста 8 мың жұмыс орны ашылатынын жариялады. Мұны аймақтың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін нығайтудың стратегиясы десек болады. Осы мақсатта 2,7 триллион теңге қаражат бөлініп, 29 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Мәселен, «СемАз» ЖШС-нің өндірістік қуаты кеңейтіліп, техника шығаратын желісі жаңартылатын әкімнің өз ауызнан естідік. Мұны біздер ішкі индустриялық мүмкіндікті арттырумен қатар, ұлттық машина жасау саласына серпін беру деп қабылдадық.
Сонымен қатар «Казполиграф» ЖШС жылына 40 миллион дана қағаз бен картон өнімін өндіретін зауыт іске қоспақшы. Әкімдік бұл жобаға 6 миллиард теңге бөліп отыр. Бұған қоса, «Универсал СМ» ЖШС жылына 500 тонна ағаш өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Бұл Берік Уәлидің өңірлік экожүйені индустриялық циклға түсірудегі маңызды әрекеті деп бағалаймыз.
Берік Уәли әкім болған үш айда 40-тан астам шетелдік инвесторлармен кездескен. Бұл көрсеткішті естігенде, ескі жүйеге үйреніп қалған кейбір шенеуніктер шошып қалуы мүмкін. Себебі Қазақстандағы көптеген өңірде әкімдер инвесторды көру былай тұрсын, қол алысып, сөйлеспегенін де бідеміз. Ал Абай облысындағы әкімшілік құрылым ауысқалы бері бұл инерттілік пен инерциядан арылып жатыр. Бұл – пассивті аймақтан белсенді өңірге өтудің белгісі.
Бүгінде облыстық әкімдік Қытай және Ресеймен сауда байланысын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде ұсынып отыр. Геосаяси орналасуы тұрғысынан алғанда, Абай облысы екі алып державаның арасында тұрған экономикалық транзиттік белдеу. Бұл байланыс тек импорт-экспорт аясында емес, инфрақұрылым, логистика, өңдеу өнеркәсібі мен білім алмасу салаларында да жаңа мүмкіндіктер ұсына алады. Осы ретте Берік Уәлидің құрғақ транзиттен құн тізбегіне өту парадигмасын ұстанғаны көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Сондай-ақ, облыста «SMART CITY SEMEY» жобасы басталды. Бұл – бір ғана цифрландыру емес, қалалық урбанистика мен адами капиталдың тоғысуы. Бұл жоба аясында Семейде жаңа ықшам аудан салынады. Әкімнің сөзінен ұққанымыз бұл іркес-тіркес үйлер емес – жоспарланған өмір салты, цифрлық инфрақұрылым, экологиялық тепе-теңдік, әлеуметтік қауіпсіздік элементтері ескерілген кешен болатынын байқадық. Семей қаласы мұндай игілікке өте лайықта деп есептейміз.
Берік Уәлидің алғашқы үш айдағы қызметін PR немесе көріністік белсенділік деп сипаттауға болмайды. Оның негізгі бағыты – аймақтық басқаруды жаңа мазмұнмен толтыру. Абай облысы – тарихи ғана емес, символикалық өлке. Мұнда жасалған әрбір қадам – мемлекетті басқару мәдениетінің жалпы сапасына әсер етеді. Қазіргі заманда өңірлер тек бюджет алушы емес, инвестиция тартып, жұмыс орындарын құрып, өз саясатын жүргізе алатын субъект болуы тиіс. Абай облысы осы жолда қадам жасап жатыр.
Егер Берік Уәли бастаған бастамалар саяси тұрақтылықпен, экономикалық ресурспен және адами капиталмен үйлесетін болса, Абай облысы – Қазақстандағы аймақтық даму модельдерінің жаңа эталонына айналатына сенім мол. Бұл жол оңай емес, бірақ үш айдағы оң динамика – үміт тудырады. Өйткені өңірді тек басқару емес, өзгерту, ілгерілету, жаңғырту – бүгінгі әкімнің басты миссиясына айналғанына көзіміз жетті. Абай облысы үшін бұл тарихи мүмкіндік.
Нұрлан ЖҰМАХАН