2025 жылғы 20 қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамп «Өлім жазасын қалпына келтіру және қоғам қауіпсіздігін қорғау» туралы жарлыққа қол қойды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Құжаттың толық нұсқасы Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
АҚШ-та өлім жазасы бұрыннан бар, алайда соңғы жылдары оған қатысты қоғамдық және саяси пікірталастар өрши түскен еді. Трамп осы жарлығында өлім жазасының «ең қатыгез қылмыстарды тежейтін және жазалайтын маңызды құрал» екенін баса атап, оның тарихи тұрғыда әрдайым қолданылып келе жатқанын еске салады.
«Біздің Тәуелсіздікті қалыптастырған ата-бабаларымыз жауыздықтың шырқау шыңына шыққан қылмыскерлерге әділетті қалпына келтіретін және қоғамдық тәртіпті орнықтыратын жалғыз әдіс — өлім жазасы екеніне көз жеткізген. Осы және басқа да себептерге байланысты өлім жазасын қолдайтын азаматтар саны қашан да көп.
Жарлық мәтінінен байқалғандай, Трамптың ашу-ызасын тудырған мәселелердің бірі – осыған дейінгі кей саясаткерлер мен соттардың өлім жазасын қолдануды жүйелі түрде «бұғаттап», оны жүзеге асыруға тосқауыл қоюға тырысуы.
Трамп мұндай әрекеттерді «ел заңын бұрмалау» деп бағалап, марқұмдардың туыстарына, зардап шеккен жәбірленушілерге бұл қадамның қаншалықты әділетсіз екенін ерекше атап өтеді.
Жарлықта Трамп бұған дейінгі әкімшілік енгізген федералдық мораторийді сынға алады.
«Байден өлім жазасына мораторий енгізуге федералдық деңгейде рұқсат беріп, Әміриканың заңдарында көзделген өлім жазасын орындау жөніндегі талапқа қарсы әрекет етті.
Одан бөлек, 2024 жылдың 23 желтоқсанында Байден федералдық өлім жазасына кесілгендердің ішіндегі ең қатыгез әрі азғын 40 қылмыскердің 37-сінің жазасын жеңілдетті. Мемлекетіміздің заңында мұндай айуандарды өлім жазасына тарту қарастырылса да, Байден олардың жазасын жұмсартып жіберді. Мемлекеттің ең басты міндеті — өз азаматтарын мұндай айуандардан қорғау», — дейді ол.
Трамп бұл қылмыскерлердің «бала зорлап, кісі өлтіргенін, кейбірін тұншықтырып, суға батырып, тіпті аңшылық құрғандай ізін аңдып жүріп қинап өлтіргенін» мысалға келтіреді де, олардың Ата заң бойынша өлім жазасына әбден лайық екенін кесіп айтады.
Жарлықтың басты айырмашылығы – федералдық және штат деңгейінде қылмыстарды тергеу, айыптау, жаза тағайындау ісіне ықпал ететін нақты нұсқаулардың берілуі.
Жарлықтың бір бөлімінде Бас прокурорға «аса ауыр қылмыстардың» барлығында өлім жазасын қолдануға негіз болса, оны міндетті түрде жүзеге асыру жүктелген.
Бұған қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерін өлтірген немесе елге заңсыз кірген шетелдіктер тарапынан жасалған қылмыстар бойынша да өлім жазасын шұғыл талап ету көзделгені атап өтіледі.
«Адамды қорғауға ант берген құқық қорғаушылардың өмірі – мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Ал шетелден заңсыз келіп, ауыр қылмыс жасағандардың жауапкершілігі барынша қатаң болуға тиіс,» – деген Трамптың пікірі де құжат мәтінінде көрініс тапқан.
Жарлықта тағы бір айрықша назар аударатын тұс — Президент Байден жеңілдеткен 37 адамның түрмедегі жағдайын қайта қарау талабы.
Бас прокурорға сол қылмыскерлерді «қылмыстарының асқан жабайылығы мен қоғамдық қауіпке төндіретін зор қатеріне сай» қатаң режимдегі мекемелерге ауыстыру міндеті жүктелген.
Сондай-ақ «оларға қатысты штат деңгейінде өлім жазасын көздейтін іс қозғауға бола ма» деген мәселені зерттеу де тапсырылған. Бұл – федералдық биліктің сотталғандардың ісін қайта қарау арқылы штаттық заңнамамен қайыра жазалауға негіз іздеуінің айқын көрінісі.
Айта кетелік, экс-президент Байден өлім жазасы адам құқықтарына қайшы екенін және АҚШ құқық қорғау жүйесін аса қатал әдістерден арылту қажет екенін талай атап өткен болатын.
Трамп керісінше, ауыр қылмыстың жазасын жұмсарту түбінде «әділетсіздік пен анархияға» апарып соғуы мүмкін екенін ескертіп баққан.
Құжатта «елдегі ең ауыр қылмыстарға қатысты өлім жазасы заң талап ететіндей орындалмаса, онда қолданыстағы заңдар мазаққа айналады,» деген сөздерді де байқауға болады. Трамптың пайымдауынша, «өлім жазасы заңда бар кезде оны орындамау – мемлекетке жасалған опасыздық пен халық сеніміне селкеу түсірумен» тең.
АҚШ президенті «елдегі ең қауіпті қылмыстық топтарды, әсіресе, халықаралық сипаттағы ұйымдасқан қылмысты толық жоймайынша, азаматтарымызды бейбіт күнге жеткізе алмаймыз» дей келіп, бұл жарлықты жалпы қылмыстық саясаттың бір бөлігі ретінде ұсынып отыр.
Оның сөзінше, «асқан айуандықпен кісі өлтірген қылмыскерлердің өлгенше қамауда отыруының өзі — аз жаза». Былайша айтқанда, Трамп әкімшілігі қылмыспен күрестегі қаталдықты америкалық қоғамның қауіпсіздігіне кепіл деп есептейді.