Алматының өнеркәсіптік келбеті күн санап өзгеріп келеді. Қаланың тек мәдениет пен сауданың ғана емес, өндірістік өсімнің де орталығына айналғаны байқалады. 2025 жылдың алғашқы бес айында мегаполис өнеркәсібі триллион теңгеге таяп, нақтырақ айтқанда, 976,2 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Мұндай ауқымды көрсеткіш Алматы экономикасының құрылымдық өзгерістерге бет бұрғанының айғағы.
Машина жасау – өндіріс тізгінін ұстаған басты салалардың бірі. Бұл секторда 36,3 пайыздық серпіліс байқалды. Жалпы 366,1 миллиард теңгелік өнім өндірілсе, соның ішінде көлік құрастыру ісі айтарлықтай салмақ алып отыр – бүкіл машина жасаудың 36,1 пайызы осы салаға тиесілі. Бұл көрсеткіш Алматының көлік өнеркәсібінде ұлттық маңызы бар орталыққа айналып келе жатқанын білдіреді.
Ал бейметалл минералды өнімдер өндірісі де айтарлықтай қарқынмен өсіп, 47 миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс индустриясы үшін маңызды осы саладағы өсім – 25,6 пайыз. Ал баспа ісі 27,3 пайызға артып, 25 миллиард теңгеге жеткен. Бұл Алматының тек техникалық емес, зияткерлік өнімдер нарығында да белсенді екенін көрсетеді. Фармацевтика, киім және ағаш бұйымдары өндірісі де тың серпінге ие болды – бұлардағы өсім тиісінше 14,2%, 18,8% және 35,2% құрады. Әсіресе, ағаш бұйымдарына деген сұраныс пен өндіріс қарқыны ішкі нарықта экологиялық, орнықты өнімдерге бетбұрыстың белгісі болуы мүмкін.
Қалада бүгінде 144 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл нысандар көбіне Жетісу, Түрксіб және Алатау аудандарына шоғырланған. Мұндай аумақтық шоғырлану – инфрақұрылым мен логистиканы тиімді басқарудың бір жолы. Әсіресе Алатау ауданындағы Индустриялық аймақ пен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы – Алматының индустриялық картадағы жаңа белесі.
Индустриялық аймақта 2025 жылы құны 135,4 миллиард теңгені құрайтын 11 жаңа жоба іске қосылады. Бұл жобалар 4 мың жаңа жұмыс орнын ұсынады. Ал арнайы экономикалық аймақта 18,5 миллиард теңгенің 6 жобасы жоспарланған, бұл өз кезегінде 415 адамды жұмыспен қамтиды. Жобалар – тек экономикалық есеп емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі.
Сонымен қатар қалада 15 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істеп тұр, оларда бүгінде 1,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл модель – шағын және орта кәсіпкерлік үшін тиімді алаң ғана емес, инновациялық жобалар мен жаңа технологиялар сынақтан өтетін орталық. 2027 жылға дейін жалпы ауданы 194 мың шаршы метр болатын тағы 35 жаңа парк салу жоспарланған. Бұл бастама аясында 21,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, қосымша 4,2 мың жұмыс орны ашылмақ.
Бұл динамика – Алматыны өндірістік орталыққа айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Қала әкімдігі мен инвестициялық құрылымдардың ынтымақтастығы арқасында әр сала өз серпінін алып жатыр. Машина жасау, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары – бәрі де қаланың жаңа экономикалық дәуірін айқындап тұр. Мұның барлығы Алматыны алдағы жылдары өңірлік ғана емес, халықаралық деңгейдегі индустриялық хабқа айналдыру мақсатының нақты қадамдары екенін көрсетеді.