Алматы облысындағы түзеу мекемелерінде өндіріс ашу мен сотталғандарды еңбекке тарту жұмысы біртіндеп нақты нәтижесін көрсетуде. Жақында №10 түзеу мекемесінде екі бірдей жаңа өндірістік нысан «INFINITEL» және «БроМарт» іске қосылды. Осы жобалардың арқасында бірден 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысандардың жұмысымен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, салалық мекемелердің басшылары және кәсіпкерлер танысты. Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысы сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытының сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Соңғы деректерге қарасақ, Алматы облысындағы түзеу мекемелерінде еңбекпен қамту деңгейі 41 пайыздан 65 пайызға дейін өскен. Бұл көрсеткішке білім беру жобалары мен кәсіпкерлердің қатысуымен іске асқан бағдарламалар айтарлықтай әсер еткен.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған тегін курстардан 250 адам сертификат алып шықса, соның 78-і қазірдің өзінде жұмыс істеп жүр.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл бағыттағы жұмыстың маңызын ерекше атап өтті:
– Бұл кәсіпорындардың ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі. Еңбек сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің ең тиімді жолы. Осындай жобалар арқылы адамдарға жаңа мүмкіндік беріп, ертеңіне жауапкершілікпен қарауға жағдай жасаймыз, – деді аймақ басшысы.
Қараша айының қорытындысы бойынша №10, 12, 14 және 57 түзеу мекемелерінде барлығы 251 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірісті кеңейту мен сотталғандарды еңбекке тарту жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

