Алматы облысында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде, соның ішінде Талғар бағыты бойынша жолдарда, полицейлер заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, жол қозғалысын бақылауды күшейтті,- деп хабарлайды Ertenmedia
«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтап, алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Шараға заманауи техникалық құралдар тартылып, жасырын әрі тиімді бақылау жүйесі жүзеге асырылды.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс аумағында 1447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – адам өмірі мен тағдырына тікелей әсер ететін маңызды деректер. Осыған байланысты өңірде жол апаттарының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып, техникалық мүмкіндіктер белсенді түрде пайдаланылуда.
Талғар тас жолында бірнеше техникалық құралдарды қамтитын жасырын патрульдеу жүйесі енгізілді: дрондар – әуеден қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу жағдайларын бақылап түсіреді; EKIN PATROL жүйесі – көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдықты асыру, техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы секілді құқықбұзушылықтарды тіркейді; жасырын патрульдер – арнайы белгілері жоқ автокөліктер, олар нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін бақылап, полицияның тікелей қатысуынсыз өрескел заңбұзушылықтарды тіркей алады.
– Қазіргі технологиялар жағдайды алдын ала болжауға және оған әсер етуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер әдетте стационарлық бекеттер мен патрульдік көліктерге үйреніп қалған. Ал жасырын патруль нақты жолдағы жағдайды ашып көрсетіп, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі, – деді полиция өкілдері.
Тек 2025 жылдың өзінде Алматы облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерінің 110 мыңға жуық бұзушылығын анықтаған. Атап айтқанда, техникалық ақауы бар көлік жүргізу 11 029 жағдай, тоқтау және тұру ережелерін бұзу 2542 жағдай, қарсы жолаққа шығу 615 жағдай, мас күйде көлік жүргізу 479 жағдай, жаяу жүргіншілермен байланысты бұзушылықтар 13 697 жағдай.
– Әрбір бұзушылықтың артында ықтимал апат тұруы мүмкін. Жолдағы бақылау шаралары жазалау үшін емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізіледі. Жүргізуші бақылау көзге көрінбесе де, оның бар екенін түсінуі керек. Біздің басты мақсатымыз – жолдағы тәртіпті қалыптастырып, адам өмірін сақтау, – деп атап өтті ведомствода.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды тәртіп пен жауапкершілікке шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған технологиялар – әрбір азаматтың амандығына кепілдік беретін құрал.