Алматыда жазғы демалыс кезеңінде мектеп оқушыларының басым көпшілігі – шамамен 96 пайызы сауықтыру шараларымен және түрлі үйірмелермен қамтылды. Биылғы жазда бұл көрсеткіш 281 мың баланы құрады. Жалпы 1-10 сынып аралығындағы оқушылар саны – 293 мыңнан асады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қамтылған оқушылар саны айтарлықтай артқан.
Мектеп жанындағы лагерьлер биылғы маусымда бұрынғыдан өзгеше форматта жұмыс істеуде. Балалар дәстүрлі қазақ тағамдарын жасауды, мысалы, жент дайындап, құрт жайып үйреніп жатыр. Қолөнер бағытында кесте тігіп, тоқыма тоқу мен қол сөмке тігуді меңгеруде. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі ойындары – ханталапай, асық ату, қазақ күресінің элементтері оқытылуда.
Заманауи бағытта робототехника, бағдарламалау, ұлттық аспаптарда – домбыра, жетіген, баян – ойнау дағдылары да қатар дамытылып жатыр. Спорттық ойындарға – футбол, баскетбол, волейбол және әртүрлі эстафеталарға қатысу арқылы балалардың физикалық белсенділігі мен командалық қабілеттері артуда.
Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, лагерьлер тек ойын-сауық емес, мазмұндық бағытқа құрылған. Бұл жерде IT-дағдылар, патриоттық тәрбие, отбасылық құндылықтарды дәріптеу басым бағыттар ретінде айқындалған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы да негізгі мазмұндық тірекке айналған.
Жазғы демалысты ұйымдастыруда мектеп жанындағы лагерьлер ерекше рөл атқаруда. Алматыдағы 200-ден астам мектептің барлығы демалыс басталысымен бірден балалар қабылдай бастады. Маусымның алғашқы бөлігінде бастауыш сынып пен әлеуметтік осал топтағы балаларға тегін тамақ ұйымдастырылған.
Шілде айында мектептер жөндеуге жабылып, тамызда лагерьлер қайтадан ашылып, балаларды қабылдауды жалғастырады. Сонымен қатар, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері де өз жұмысын бастауға әзір. Қазір осы лагерьлерді таңдауға арналған конкурс өтіп жатыр.
Жазғы білім беру тек мектептермен шектелмейді. Қалада жұмыс істейтін 19 мемлекеттік және 122 жекеменшік қосымша білім беру мекемесінде 40 мыңнан астам бала мемлекет есебінен білім алуда. Бұл – балалардың қызығушылығын ескеретін әрі олардың шығармашылық әлеуетін арттыратын кең ауқымды жүйе.
Мысалы, №140 мектеп жанындағы лагерьде спортқа ерекше назар аударылған. Оқушылар волейбол, футбол, тоғызқұмалақ сынды ойындарды үйреніп, спорттық тәртіп пен бірлікке баулынуда. Ал №97 мектептің «Арман» лагерінде шығармашылық пен зияткерлік бағыттағы сабақтар ұйымдастырылып, балалар экскурсияларға, шеберлік сабақтарына қатысып жүр.
Кәсіптік бағдарлау бағыты да ескерілген. Алматы құрылыс-техникалық колледжінің базасында іске қосылған «Жазда мамандық таңдайық» бағдарламасы жоғары сынып оқушыларын алғашқы кәсіби дағдылармен таныстырып жатыр. Балалар ағаш өңдеуді, графикалық дизайн жасауды және 3D модельдеуді меңгеруде.
Патриоттық және мәдени тәрбие бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. №208 мектепте ашылған «Этно City» этнолагері – ұлттық мәдениетті балалар бойына сіңірудің тың форматы. Мұнда қазақтың тұрмысы мен қолөнері кеңінен таныстырылып, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер арқылы оқушылардың тарихи танымы тереңдетілуде.
Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталығында ашылған IT-лагерь 7-15 жас аралығындағы балалар үшін бағдарламалау, электроника, ғылыми тәжірибелер бағытында пайдалы орта қалыптастырып отыр. Сонымен бірге, музыка, тігін ісі және өнер бағытындағы сабақтар да қатар жүргізіліп жатыр.