Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл жолы кеңестің құрамы әдеттегі формализм алшақтап, кәсіби, мазмұнды бағытқа бет бұрғаны анық байқалады. Кеңестегі орындардың 74,4 пайызы жаңарып, жаңа көзқарас иелерімен толықты.
Бұрынғы тәжірибелі кеңес мүшелері мен жаңа тұлғалар қатар келген бұл құрам – азаматтық қоғам мен билік арасындағы қатынастың жаңа парағын ашуға бекініп тұрғаны көрініп тұр.
Кеңес мүшесі мүшелері мұндай құрылымдық жаңару – өткен шақтағы бастамаларды сақтай отырып, оны жаңаша қарқынмен жалғастырудың мүмкіндік беретінін алға тартты.
Жаңа кеңестің қалыптасу процесі де назар аударарлық. Барлық сұхбаттар ашық түрде жүргізіліп, Алматы қаласы мәслихатының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл – ашықтық пен есеп берудің нағыз үлгісі. Яғни, бұл жолы Қоғамдық кеңестің құрамы көлеңкелі кулуарлық келісімдермен емес, ашық бәсеке мен айқын ұстаным негізінде қалыптасты десек болады.
Енді Қоғамдық кеңеске бұрынғыдай танымал әнші не тележүргізуші болу жеткіліксіз. Бұл жолы кеңеске мүшелікке өту үшін қоғамда шынайы беделің, салалық білімің мен тәжірибең болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, кеңес тек кеңесіп қана қойма, шешім қабылдауға әсер ете алатын платформаға айналуда.
Қоғамдық кеңес – тек әкімдікке ұсыныс айтып отыратын ұйым емес, бұл – халықтың тыныс-тіршілігіне әсер ететін шынайы алаң. Ол арқылы ел үнін билікке жеткізуге болады, нақты өзгерістерге ықпал етуге болады. Сондықтан кеңеске келген әр адамның сапасы – кеңестің ықпалын айқындайды.
Бүгінгі таңда Алматы – елдегі әлеуметтік-саяси температураны өлшейтін маңызды мегаполис. Мұндағы қоғамдық кеңестің құрамы – еліміздегі азаматтық қоғамның қай бағытта дамып жатқанын да көрсететін индикатор. Егер бұл кеңес шын мәнінде кәсіби әрі батыл болса, онда ол бүкіл елге үлгі болары сөзсіз.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі «атақты адамның» емес, «ақыл айтатын адамның» алаңына айналғаны қуантады. Бұл – жүйелік өзгерістерге жол ашатын, шынайы диалог пен нақты іске бастайтын қадам. Енді кеңес мүшелерінен кәсіби үн, салмақты сын және нақты ұсыныс күту – қоғамның өз құқығы.