АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Дебора Робинсон Silk Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында америкалық дипломатияның Орталық Азиядағы негізгі басымдықтары, екі ел арасындағы сауда байланысы және Қазақстанның тәуелсіздігін қолдау мәселелері жөнінде кеңінен баяндады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол Вашингтонның Орталық Азияда басқа әлемдік державалармен бәсекелесуді көздемейтінін, керісінше ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген өзара тиімді серіктестікті дамытқысы келетінін атап өтті.
Дипломат Қазақстандағы ең ерекше тәжірибесі ретінде жуырда елдің оңтүстігіне жасаған сапарын айтты:
«Мен үшін қызықты жаңалықтың бірі – қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін білдім. Осыны естігеннен кейін екі апта бұрын елдің оңтүстігіне барып, жабайы қызыл қызғалдақтарға толы алқаптарды көрдім. Бұл көрініс мені ерекше таңғалдырды», – деді ол.
Өзінің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы туралы сауалға жауап бере отырып, Робинсон ұзақ жылдар бойы Орталық Азия өңірімен тығыз жұмыс істеп келе жатқанын, он жыл бұрын АҚШ пен Орталық Азия арасындағы дипломатиялық алаң C5+1 форматындағы алғашқы үйлестірушілердің бірі болғанын айтты.
«Мен Өзбекстанда, Ауғанстанда, Пәкістанда, Үндістанда қызмет еттім, әскери генералдың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі болып, аймақты көп араладым. Менің басты мақсатым – АҚШ пен Қазақстан арасында қалыптасқан адамаралық, сауда және қауіпсіздік байланыстарын нығайтуға үлес қосу», – деді дипломат.
АҚШ-тың сыртқы саясатына қатысты сұраққа жауап бере келе, дипломат Вашингтондағы қазіргі жағдайға қарамастан, америкалық дипломатияның стратегиялық бағыты өзгермегенін айтты.
«АҚШ дипломатиясы әрдайым сенімді серіктестік, ортақ құндылықтар мен өзара құрмет қағидаларына сүйенген. Президент Трамп Америка мүдделерін ішкі және сыртқы саясатта бірінші орынға қояды. Алайда біз өз достарымыз бен серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деп түсіндірді ол.
Америка Құрама Штаттарының Орталық Азиядағы рөлі туралы сұраққа дипломат аймақтағы қызметі Қытаймен немесе Ресеймен бәсекеге түсуге бағытталмағанын нақтылады.
«Орталық Азияға қатысты мәселе – бәсекелестік емес, бұл – өзара тиімді серіктестік орнату. АҚШ Орталық Азияны мықты, интеграцияланған, бірлесіп жұмыс істейтін аймақ ретінде көргісі келеді. Биыл АҚШ пен Орталық Азия арасындағы дипломатиялық платформа – C5+1-ге 10 жыл толды. Біз осы серіктестік аясында аймақтың бейбіт әрі гүлденген болашағына үлес қосқымыз келеді», – деді Робинсон.
Сонымен қатар, АҚШ Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысты дамытуға ерекше назар аударып отырғанын айтты:
«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан астам уақыт бойы АҚШ-тың сенімді серіктесі болып келеді. Осы кезең ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасымыз нығайып, ынтымақтастығымыз кеңейе түсті. Бізді сауда мен инвестиция, энергетика, инфрақұрылым, сондай-ақ маңызды минералдар мен пайдалы қазбаларды игеру саласындағы ынтымақтастық байланыстырады. АҚШ Қазақстанмен бірге екі елдің қауіпсіз әрі гүлденген болашағы үшін еңбек етуге дайын», – деді ол.
Дипломат бүгінгі әлемдегі шиеленіс пен қақтығыстарға қатысты АҚШ Қазақстаннан қандай позицияны ұстануды күтеді деген сауалға анық жауап берді:
«Америка Құрама Штаттары Қазақстаннан ешбір тарапты таңдауды талап етпейді. Біз Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын толық қолдаймыз. АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолдау білдіруге берік ниетті. Мұны жақында ғана Мемлекеттік хатшы Рубио министр Нұртілеумен телефон арқылы сөйлескенде де жеткізді. Біз Қазақстанның халықаралық аренада әртарапты әрі теңгерімді байланыстар орнатуын, сонымен бірге АҚШ-пен мықты қарым-қатынасын сақтауын құптаймыз», – деді дипломат.
Суверенитет пен көпвекторлық саясатты іс жүзінде қолдаудың көрінісі қандай деген сұраққа Робинсон былай деп жауап берді:
«Біз Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істей алатын салаларды іздейміз. Олар – білім беру, ағылшын тілін үйрету, қауіпсіздік саласындағы әріптестік, техникалық ынтымақтастық пен академиялық алмасу бағдарламалары. АҚШ осы салаларда екі елге де тиімді болатын атмосфера қалыптастыруды көздейді», – деді ол.
Тарифтер мен сауда қатынастары туралы сұраққа Дебора Робинсон Вашингтон әлемдік сауданы әділ және ашық етуді көздеп отырғанын жеткізді.
«АҚШ саудадағы тепе-теңсіздіктерді жойып, нарықты әділ әрі ашық етуге талпынып отыр. Қазақстанмен арадағы сауда негізінен тарифтік жеңілдіктер берілген категорияларға тиесілі, дегенмен Қазақстан инвестицияны тарту үшін халықаралық озық тәжірибеге сәйкес келетін атмосфераны қалыптастыруға күш салғаны жөн. Америкалық компаниялар өз инвестицияларының қауіпсіз болатынына сенімді болуы керек», – деді Робинсон.
Қазақстанның Орталық Азиядағы ең жоғары тарифтері (27%) туралы сұраққа ол бұл АҚШ-пен арадағы сауда теңгерімсіздігімен байланысты екенін айтты.
«Вашингтон саудадағы осындай дисбалансты қалпына келтіруге ұмтылады. Біз Қазақстанмен сауда балансын қалпына келтіру үшін жұмыс істейміз», – деді дипломат.
Дипломат Джексон-Вэник түзетуіне қатысты мәселені АҚШ Конгресі ғана шеше алатынын, ал Мемлекеттік департамент әділ сауданы жақтайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Робинсон АҚШ компанияларының Қазақстанның минералдық ресурстарына қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
«Критикалық минералдар мен пайдалы қазбалар – біздің ынтымақтастығымыздың басты саласы. АҚШ компаниялары осы салаға инвестиция құйып жатыр және біз Қазақстанға америкалық инвесторларды көбірек тартуға күш саламыз», – деді ол.
Сұхбат соңында дипломат Қазақстан халқына жолдаған тілегін жеткізді:
«АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығына адал. Бірлесіп екі елдің жарқын әрі гүлденген болашағын құрайық», – деп түйіндеді Дебора Робинсон.