Ақтөбе облысында аудан әкімдіктері үш «TANK» жол талғамайтын көлігін сатып алған. Мемлекеттік сатып алуларға қойылған талаптар арасында массаж, желдету және орындықтарды жылыту функциясы, премиум акустикалық жүйе секілді тармақтар бар, — деп хабарлайды ErtenMedia Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
«Диапазон» басылымының мәліметіне сүйенсек, Байғанин ауданы әкімдігі «Haval Tank 500» жол талғамайтын көлігін «қызметтік қажеттіліктер» үшін 27 млн теңгеге сатып алған.
Сонымен қатар, 5 ақпанда Ырғыз ауданы әкімдігіне 26 500 000 теңгеге қызметтік жол талғамайтын көлік сатып алынғаны анықталған. Көлік сипаттамалары ұқсас: алдыңғы және артқы қатар орындықтарының массаж және желдету функциялары, премиум акустикалық жүйесі, орындықтары NAPPA терісімен қапталған болуы керек.
Әйтеке би ауданы әкімдігі үшін мемлекеттік сатып алулар сайтында 24,107 млн теңгеге қызметтік көлік сатып алған. Машина сипаттамаларына сәйкес, 2024 жылы шығарылған, алдыңғы және артқы қатар орындықтары жылытылған, айналмалы камера және 8 динамик акустикалық жүйесі бар.
Осылайша «TANK 500» жол талғамайтын көліктері сатып алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау әкімдігі қымбат көліктер сатып алмақ екені туралы жаздық.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында Маңғыстау облысы әкімдігі шамамен жалпы құны 102 миллион теңгеге жеті кроссовер сатып алмақ деген ақпарат тарады.