Атышулы Қайрат Боранбаевтың бизнес серіктесі, NEF Qazaqstan басшысы Тарық Волкан Оскай ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.
NEF Qazaqstan-ның басқарушы серіктесі Тарық Волкан Оскай көктемнен бері іздеуде жүрген болатын.
Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растап, қазір тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін Алматы полиция департаменті кәсіпкерге сырттай қамауға алу шарасы белгіленгенін хабарлаған.
Тарық Волкан Оскай Қайрат Боранбаевпен бірге «Royal Comfort Astana» компаниясының иесі ретінде танымал. Компания Comfort Hotel Astana кешенін бақылауда ұстап, кейін активтерді қайтару науқаны аясында кешен мемлекет меншігіне өткен.
Сонымен қатар Оскай Қайрат Боранбаевтың меншігіндегі «Алмалы» (Almaly Assets Management) активтерді басқару компаниясында қызмет атқарған.
NEF Qazaqstan аты Қазақстанға 2023 жылы Green Center тұрғын үй кешені бойынша туындаған үлкен даудан кейін кең танылды. Түркиялық құрылыс холдингінің Қазақстандағы еншілес компаниясы Алматыда ірі тұрғын үй кешенін салуға уәде беріп, кейін оны орындамаған.
Соның салдарынан NEF Qazaqstan Астана халықаралық биржасында (AIX) алғаш рет облигациялар бойынша дефолт жариялаған компания ретінде тарихта қалды. Сол кезде инвесторлар алдындағы қарызы 4 миллиард теңгеден асып кеткен.
2024 жылы инвесторлар компанияны сотқа беріп, NEF Qazaqstan қарызын өтеуге міндеттелген. Бірақ компания міндеттін толық орындамай, берешектің негізгі бөлігін 1,5 миллиард теңгені қайтармай қалған. Оған қосымша тағы 360 миллион теңгеден астам айыппұл мен сот шығындары да бар.
Оскайдың ұсталуымен NEF Qazaqstan айналасындағы дау қайта жанданды. Компанияға қатысты тергеу жалғасып жатыр.