Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан кезінде Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиевке қатысты пікір білдірді. Бергей елге оралғысы келе ме, Абзал Құспан оның айыбы бар деп ойлай ма? Депутаттың өзі осы тектес сауалдарға жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бергей Рысқалиевке қатысты іс жалпақ жұртқа жақсы таныс.
«Кезінде Атырауда атышулы іс болды. Ол кезде Бергей Рысқалиев кетіп қалды. Командасы, 22 шенеуніктің үстінен іс жүріп жатты. Сол кезде қала әкімі болған бір азаматты қорғадым. Үлкен іс болды. Сол кездегі ең резонансты істің бірі болды», — дейді заңгер Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында.
Заңгер Абзал Құспан өзін Бергей Рысқалиевпен не байланыстырады деген сауалға жауап берді.
«Адвокат болдым. Кәсіби жұмысым ғана байланыстырады. Бұрын-соңды, сол іс болғанға дейін танымаймын, білмеймін. Отбасымызбен араласамыз деп айта алмаймын. Тек кәсіби қызмет», — деді ол сұхбат барысында.
Арна мәліметінше, Абзал Құспан 2019 жылы шетелге барып, Бергей Рысқалиевпен форумда кездескен.
«Мен адвокат ретінде одан бұрын да, одан кейін де ұдайы кездесіп тұрдық: Лондонда, Парижде, әртүрлі қалада. Әйтпесе қалай жұмыс істейсің?! Сол жақта істері (сот істері — еск.) жүріп жатты. Ол жақта ағылшын адвокаттармен жұмыс істедім. Ол кісіге қатысты мың томның үстінде қылмыстық іс болды. Ол томдарды кім ақтарып, танысып отырады?! Құжаттардың жартысы қазақша, жартысы орысша. Сол жақтағы процестерде әріптестеріммен кездесіп, іске қатысты қай жерге назар аудару керек, растаушы қай құжат бар, қай томның қай бетінде жатқанын айтып түсіндіретін адам — Қазақстандағы адвокат, яғни мен болдым. Бергей Рысқалиевтен басқа да талай азаматты қорғадық. Адвокаттық қызметімді тоқтатқандықтан, байланыста жоқпыз. Бірақ тілекшіміз, ниеттеспіз, жақсы жағдайда қалдық. Менің қызметіме ол кісінің көңілі толды. Көп жұмыс атқарылды», — дейді депутат.
Заңгер Абзал Құспан «Бергей Рысқалиевтің айыбы бар ма?» деген сұраққа да жауап берді.
«Ол сұрақты Атыраудың халқына қойсаңыз, 90 пайыздан аса Атыраудың халқы Бергейді жақтайтынына проценттік тұрғыда сенімдімін. Өйткені сол жақтағы адамдардың пікірін білсеңіз, 90 пайыздан әлдеқайда асып кетеді деп есептеймін. Кезінде саяси негізбен қуылған азамат. Басқа айыптары бар шығар. Бірақ тағылған айыптың шеңберінде мен ол кісіні айыпты деп есептемеймін. Өзім көріп отырған материалдың шеңберінде ол кісіні қылмыскер, кінәлі адам деп есептемеймін», — дейді депутат.
Сондай-ақ, Бергей Рысқалиевтің Қазақстанға келгісі келетіні белгілі болды.
«Шыққан үкім күшін бұзған жоқ. 17 жылға соттау туралы үкім бар. Сол үкім бұзылмайынша келе алмайды. Өйткені механизм жұмыс істейді. Келген бойда қамауға алынады. Қылмыстық атқару жүйесі бар. Олар бірден оны түрмеге тоғытуға міндетті. Сол үшін әуелі үкімді бұзу керек. Ол бағытта жұмыс істеп жатқан шығар. Менің ойымша, (Қазақстанға — еск.) келгісі келеді. Өте қазақы тұлға, ауылдан шыққан», — дейді депутат сұхбатта.
Бергей Рысқалиев 2005 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2006 жылдан бастап Атырау қаласының әкімі, 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды.
Бергей Рысқалиев 2012 жылы бұрынғы Мәжіліс депутаты болған ағасы Аманжан Рысқалимен бірге елден қашып кеткен болатын. Сол кезде оларға халықаралық іздеу жарияланған еді.
Мәліметтерге сүйенсек, Рысқалиев мемлекетке ондаған миллиард теңге шығын келтірген.