Солтүстікке отбасымен бірге көшіп барған, бүгінде қазақтардың солтүстікке көшуіне мұрындық болып, қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп жүрген Бурахан Дақанұлы Ауғанстанға баруды да мақсат етіп отырғанын айтты, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның айтуынша, қазақ тарихына деген махаббат бала кезінен басталған.
«Кішкентай кезімнен Қазақстан тарихын, қазақ әдебиетін жақсы оқыдым. Мұхтар Шахановтың «Отырар» туралы шығармасын жатқа білдім. Қатты қызығатын дүнием: Қазақстанның тарихы, дүниежүзі тарихы сияқты дүниелер болатын. Сол жерде ұлтымның қандай ұлы болғанын, бұрынғы заманда әлемді дүркіреткен 4 империяның тікелей мұрагері екенін сезіндім. Сол нәрсе жүрегіме күшті сезім сыйлайтын. 2017 жылдары ВКонтакте желісінде «Бөрілі байрақ» деген топ құрдым. Ол кезде интернетте қазақ тілді жазбалар, мәліметтер өте аз болатын. Қазақтың жастарының жүрегіне ұлтына сенімін, сезімін сіңіре алдық. Ол топ өте жақсы дамыды. (Оқырманы — еск.) 100 мыңға дейін жетті. Өте белсенді топ болды. Бірақ, өкінішке қарай, ВКонтакте желісінің басынан бағы тайып, «Бөрілі байрақ» та өткеннің еншісінде қалып қалды. Содан бері де әлеуметтік желілерде қазақилықты насихаттау мәселесі бойынша қолымнан келгенше дүниелер жасап жүрдік», — деді ол Bilgen Durys арнасына.
Бурахан Даханұлы солтүстікке көшуіне ресейліктердің «Солтүстік Қазақстан — біздің жеріміз» дейтін видеосы әсер еткенін айтты.
«Ол кезде Талдықорғанда жүрмін. «Солтүстікке көш» деген нәрсені қарай бастадым. Көп адам Facebook-те «көшіңдер» деп жазған екен. Бірақ ешқандай нақты нәтиже жоқ. «Солтүстікке қазақтың қанын құю керек, сол қанды отбасыммен бірге шамам келгенше өзім алып кетемін, барамын, құямын. Кім маған қосылады?! Жүріңдер, бірге солтүстікке барып тұрайық, шекараны бекітейік» деген жазбам есімде. Сол бір жазбадан кейін нақты мақсат пайда болды. Одан кейін өзім барлауға барып келдім. Солтүстік Қазақстанның ауылдарын, елді мекендерін көрдім. Қай жерде тұруға болады, не істеуге болады деген мүмкіндіктерді қарадым. Сол жазбадан кейін шамамен 40 күннен кейін бала-шағамды көлікке салып, өзіммен бірге жиырмадан аса отбасы бар, Алматыдан, Түркістаннан, Қызылордадан біраз қосылды, тіпті Маңғыстаудан қосылды, қысқасы, 18-19 отбасы бірінші болып солтүстікке квотамен көшіп бардық. Үйімізді берді», — деді ол.
Оның ендігі мақсаты — Ауғанстандағы қазақтарды солтүстік өңірлерге көшіру.
«Ауғанстанға баруға ниеттімін деп жаздым. Кім баратыны, қай делегация баратынын шет жағасын естіп қалғаным бар. Бірақ әлі нақты қай жерден бұл ақпарат шыққанын біле алмай жатырмын. Күзге қарай Ауғанстанға делегация баратынын естідім. Facebook желісінде біраз белсенділік танытқаннан кейін Ауғанстан жақтан жазып отырғандар, Пәкістаннан жазып отырған адамдар, бері қарай елге көшкісі келетін, жете алмай отырған азаматтар туралы менде біраз мәлімет бар. Жеке жазып тұрады, WhatsApp-та да сөйлесіп тұрамыз. Мысалы, Пәкістанның Карачи қаласында 300-ден аса қазақ бар. Әркім әртүрлі айтады: «Ауғанстанда қазақ жоқ» дейді, біреулер «он мыңға жуық қазақ бар», біреулер «отыз мыңға жуық қазақ бар» дейді. Ауғанстаннан жазып отыратын кейбір адамдар өздерінің руын бірге жазады. Соның ішінде Орта жүздің (руларының — еск.) аттарын айтады: Керей руының өкілдері бар, Наймандар бар. 4-5 адам найманбыз деп жазғаны есімде. Сол кісілерді көзіммен көріп, жағдайларын біліп, дәл қазіргі уақытта әлемдегі түрлі жағдайларға байланысты Ауғанстандағы қазақтарды солтүстікке көшіріп алғым келеді», — деді Бурахан Дақанұлы Bilgen Durys арнасына.