Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Ресей мен Әзербайжан арақатынасы әлем назарында. «Азаттық» журналисі, жиһангез Руслан Меделбек Әзербайжанның Ресейге қойып отырған талабына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Журналист, сарапшы әлеуметтік желіде Әзербайжан Мәскеуден неліктен қорықпайтынын тарқтатып айтып берді.
«Әзербайжан 1991 жылы тәуелсіздік алған соң бірден Түркиямен ара-қатынасты күшейте түсті. Жалпы түрік пен әзербайжан тілі мен ділі жақын халық. Бізше айтсақ, «түрік-әзербайжан бір туған». Екі ел экономикалық, мәдени және бастысы әскери жағынан мықты байланыста. Баку Мәскеуден қорықпайды. Себебі Анкараға сенеді. Түркияда билікке кім келсе де Әзербайжанмен қарым-қатынасты бұзбайды. Себебі түріктер үшін бауыр халық деген түсінік қанында бар. Ресейдің Кавказда Армения мен Грузияға тісі батса да, Бакуге батпады. Мәскеу Әзербайжанды Еуразия экономикалық одаққа да, Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымына да «тарта алмады», — дейді ол.
Сондай-ақ, сарапшы Таулы Қарабақ оқиғасында да Әзербайжан мен Түркия достығы анық көрінгенін еске салды.
«Таулы Қарабақтағы армяндармен қақтығыста Әзербайжанға Түркия әскери көмек көрсеткені белгілі. Сол соғыста Әзербайжан Таулы Қарабақтағы біраз жерді қайтарып алған еді. Жеңісті тойлау шеруіне Ердоғанның өзі келген. Ал Армения Ресейден көмек сұрағанымен, Мәскеу «орнынан қозғалмаған». Әзербайжан ұшағы Ақтауда құлаған соң да Баку қатқыл сөйлей бастады. Ел президенті Илхам Әлиев «алғашқы үш күнде Ресей тарапынан ақылға сыймайтын нұсқалардан басқа ештеңе естіген жоқпыз. Ресей бізден ресми кешірім сұрап, кінәсін мойындап, өтемақы төлесін» деп ашық айтты. Демек Баку Мәскеуден қорықпайды. Ал Ресей Түркиядан аяқ тартады», — деп түйіндеді ол.
27 желтоқсанда Әзербайжан тарапы ұшақ апатына қатысты өз талаптарын ресми түрде Ресейге тапсырған. Сондай-ақ, Әзербайжан президенті «көзге көрініп тұрған нәрсені жасыруға тырысу — ақымақтық» екенін мәлімдеді.
Әзербайжан Кремльге қойып отырған талаптар мынадай:
- Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек.
- Екіншіден, өз кінәсін мойындауы керек.
- Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушыларға және экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек.